Білім беру саласында онлайн оқыту жүйесі енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Білім беру саласында онлайн оқыту жүйесі енгізіледі

02.07.2019

Бұдан былай оқушылар онлайн оқыту жүйесі бойынша дәріс алуы мүмкін. Қазақстанда жаңа оқыту бағдарламасын енгізу қарастырылып жатыр. Бүгін Елордада білім беру технологияларының EdTech форумы өтті. Бұл елімізде бұрын-соңды болмаған шара. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған форумға әлемнің үздік компанияларының өкілдері қатысты. Онда оқушыларды онлайн оқыту тетіктері талқыланды.

 

Мына көзілдірікті кисеңіз болды әлемнің кез-келген жеріне топ ете қаласыз. Әрі онда болып жатқан сабаққа қатысып, мұғалім-профессорлармен сол сәтте қарым-қатынас орнатуға болады. Бұл қазақстандық жастардың идеясы. Шетелге шықпай-ақ үздік оқытушылардан дәріс алу үшін ойлап тауыпты.

 

Раушан Қанатова, оқу ісінің үйлестірушісі:

 

Онлайн бағдарламалардан ерекшелігі бұл жерде көзілдірікті киген соң ештеңеге алаңдамаймыз. Айналаңызда болып жатқан дүниеге алаңдамайды. Бұл құрылғының бағасы сыйлық ретінде береді. Арнайы бағдарламаны жазып алады. Іскерлік әкімшілікке магистратура. Медицина бағытында қолданылады. Студенттер көзілдірікті киіп операция жасайды.

 

Интеграциялық алаңда осы сынды 20-дан астам жоба қойылған. Бәрі білім беру бағытына арналған тың бастамалар. Әлемнің 190 елі қолданатын Хан академиясы платформасының өкілдері де осында. Дүниежүзінің 40 миллионнан астам оқушысына онлайн сабақ беріп отырған бағдарлама болашақта біздің елде де енгізілуі мүмкін. Егер жоба жүзеге асса, ауылдардағы мұғалім тапшылығы мәселесі шешіледі. Оның үстіне қазіргі мектеп бағдарламасын ата-аналар  түсіне бермейді. Яғни, баласына көмектесу қиын. Ал мына жоба кез-келген сұрақтың жауабына толық жауап беретін құрал. Көрші елдерде бұл бағдарламаны қолданып үлгергендер де бар.  

 

Батыр Арифджанов, жобаның өзбекше нұсқасының негізін қалаушы:

 

Қазір бұл жобаны әлемде 30-40 миллион оқушы белсенді пайдаланады. Біз Өзбекстанда тәжірибеден өткізіп көрдік. Қысқа уақытта нәтижесін көрдік. Сол себептен өзбек тіліне аудардық. Қазақстандық әріптестерімізден үлкен қызығушылық бар. Өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.

 

Бұдан бөлек, балаларды робот арқылы оқыту, ойын методикасын енгізу, смартфонды тиімді пайдалану сынды жобалар да таныстырылды. Ал онлайн оқыту дәстүрлі білім беру мазмұнын өзгертпейді. Тек қатар дамыту тетіктері арқылы технологияның тиімді пайдалану көзделіп отыр.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу