Ата-аналар мектепті көшіруге қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ата-аналар мектепті көшіруге қарсы

27.06.2019

Қостанай қаласының әкімдігі орталықтағы бастауыш қазақ мектебін басқа ғимаратқа көшірмекші. Бұл шешімге ата-аналар үзілді-кесілді қарсы. Олар билік өкілдері көптің пікірмен санаспай белден басып отыр деп есептейді. Оқушылардың жылы орнын суытуына не себеп? Жаңа орын ата-аналарға неге ұнамайды? Дәуренбек Әбдібек тарқатады.

 

Гоголь мен Алтынсарин көшелерінің қиылысындағы 24-ші бастауыш қазақ мектебінде 600 тарта бала оқиды. Бұл білім ордасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орта мектеп болып ашылған. Алайда бірнеше жылдан соң бастауыш пен жоғары сыныптарды бөліп басқа ғимаратқа көшіріпті.

 

Нұргүл Берікбаева оқушының анасы:

 

- Кезінде 12-мектеппен 24-ші мектептің ғмиаратын ауыстырды. Орыс сыныптарында оқитын бала көп деп. Енді қазақ мектебін тағы ауыстыру ұят деп ойлаймын.

 

Осында 20 жылдай тұрақтаған білім ошағы әкімдіктің шешімімен енді тағы да ірге көтермекші. Жаңа қонысы - Бородин көшесіндегі бұрынғы кәсіптік-техниклық колледждің ғимараты болмақ. Ата-аналардың айтуынша ол жер орталыққа алыс, әрі жайсыз.

 

Сұлушаш Нысанбаева оқушының әжесі:

- Мектептің жаңа орны қаланың шетінде. Арғы жағы гараж, сауда орындары. Қазақ мектебі неге орталықта болмауы тиіс?

 

Наразы топпен кездесуге келген қала әкімі Қайрат Ахметов облыс орталығында балабақша тапшы екендігін айтты. 9 мың бала кезекте тұр. Сондықтан бұл ғимарат мектепке дейінгі мекемеге айналады. Қайта жабдықтау жұмыстарына 150 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсау жоспарланып отыр. Мектепті көшірудің мұнан да басқа себебі бар.

 

Қайрат Ахметов қостанай қаласының әкімі:

- Ең негізгі мәселе ағайын, мектеп ұжымын бөлек шаңыраққа шығару. Жаңа ғимарат тоғыз жүз алпыс орынға дейін қамтиды.

 

Алайда наразы топ бұл уәжбен келіспеді. Қос тарап бітімге келе алмай тарқасты. Сондықтан даулы мәселенің қалай шешілетіні әзірге беймәлім.

 

Жаңа ғана бізге дау-дамайға себеп болған мектептің басқа ғимаратқа көшірілмейтіні туралы ақпарат келіп түсті. Бұл туралы өңірдегі меншікті тілшіміз Дәуренбек Әбдібекке облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлаған.

Хабарламаларға жазылу