2020 жылы Жезқазғанда үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2020 жылы Жезқазғанда үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешіледі

02.05.2019

Қарағанды облысының Жезқазған қаласында үш ауысымды мектеп мәселесі 2020 жылы ғана түбегейлі шешіледі. Келесі жылы қалада бұрын-соңды болмаған дарынды балаларға арналған білім ошағы ашылады. Бұл осы өңірдегі мектептердің оқушыларына үлкен мүмкіндік болмақ.

Жезқазғандағы №1 мектеп үш ауысыммен жұмыс істейді. 1150 орынға шақталғанымен, мұнда қазір 1600 оқушы оқуға мәжбүр. Соған қарамастан талай дарынды шәкірттерді түлетіп отырған қаладағы бетке ұстар білім мекемесі.

Тоғжан Жүнісбек, 11-сынып оқушысы:

- Осындай дарынды балалар біздің қаламызда, мектебімізде өте көп. Олар білімдерін шыңдау мақсатында облыс орталығындағы, басқа да қалалардағы дарынды балаларға арналған мектептерге барып оқиды. Бірақ кейбір балалардың отбасылық жағдайына байланысты мүмкіндіктері болмайды.

Ақпан айында дарынды балаларға арналған тұңғыш мектептің құрылысы басталды. Ол үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 200 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Жаңа білім ошағы 2020 жылдың қыркүйек айында тапсырылады деп жоспарланған.

Жеңіс Әлмағанбетов, Жезқазған қаласы Білім бөлімінің басшысы:

- Дарынды балаларға арналған 900 орындық мектептің құрылысы басталды. 2020 жылы тапсырылса біздегі үш ауысымдық мектептің проблемасы толық шешіледі. Жезқазған, Сәтбаев қалалары, Ұлытау ауданы, Қаражал, Жәйрем, Жаңаарқаны қамтитын боламыз біз.

Жалпы, Жезқазған қаласының білім бөліміне қарасты 20 мектеп бар. Соның 5-еуі жақын маңдағы ауылдық елді-мекендерде. Дарынды балаларға арналған жаңа білім ошағына барлық мектептің озат оқушылары қабылданады. Соның негізінде орындар босап, қаладағы жалғыз үш ауысымдық №1 мектептің де мәселесі шешілмек. Ал, облыс бойынша бұдан басқа үш ауысымда оқитын тағы 2 мектеп бар.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу