Мектеп бітіру кештері ұлан-асыр тойға айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектеп бітіру кештері ұлан-асыр тойға айналды

12.04.2019

Лимузин жалдап, қымбат мейрамханада таң атқанша тойлату. Бұл - қазіргі мектеп түлектерінің үлкен өмірге алғашқы қадамы. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары «Қазақтың тойы бітпесін!» деп ұрандатып, ата-ананың ақшасына дүркіретіп кеш өткізу сәнге айналды. Оған «тәйт» деудің орнына, ақша жинап, айқайға қиқу қосатын ата-аналарға да тоқтау болмай тұр. Бұл әдет дендеп барады. Балабақшамен де, бастауыш мектеппен де осы күні той жасап қоштасады қазақ. Психолог мамандар мұны 90-шы жылдардағы тоқырауда туған қазіргі ата-аналардың тоқшылыққа тоя алмауымен байланыстырса, енді біреулер қанымызға сіңген қасиет екенін айтады. Қалай болғанда да, жылдан-жылға мерекенің масштабы өсіп барады. Ысырап көбеймесе, азаймай тұр. Тілшіміз Дулат Абибуллаев баласы биыл мектеп бітіріп жатқан ата-ананың шығынын есептеп көрді.

Қымбат көйлек, костюм, лимузин, жарқыраған мейрамхана, тіпті, отшашу - мектеппен қоштасып жатқан қазіргі түлектер кештерінің міндетті атрибуттары. Бұдан кім қалмақ? Соңғы тиынын санаса да, ата-аналар ақша қосады. Қатарынан қалмасын деген қағида санаға мықтап сінген.

Гүлнар Омарова - елордадағы ата-аналар қауымдастығының жетекшісі. WhatsApp арқылы ата-аналар комитеттерімен үнемі байланыста. Биылғы мектеп бітірушілердің қаншадан ақша жинап жатқанынан хабардар.

Гүлнар Омарова, Нұр-Сұлтан қалалық ата-аналар қауымдастығының төрайымы:

- Осы мәселені көтергеннен кейін мен ақпарат тастадым, сұрадым. Қазіргі уақытта осы мектеп бітіруші тойына қанша ақшадан жинап жатқандарын сұрадым. Сол қаражат 40 мыңнан 120 мыңға дейін болды.

Белсенді ананың айтуынша, бұл қаржыға мейрамхана мен лимузин, фотосессия мен бейнежазба түсіру кіреді. Қалада қазір 105 мектеп бар. Әрқайсысында бірнеше бітіруші сынып бар. Есептей беріңіз, кәдімгідей қайнаған бизнес орта.

Дулат Абибуллаев, тілші:

- Мысалы, мына мейрамханада маусым айының ортасында бос күн жоқ. Мектеп бітірушілер осы бастан жалдап қойған. Мұнда банкет жасау адам басына орташа алғанда 20 мың теңге. Былтыр да мұнда бос күн болмаған. Мектеп бітірушілер маусым айында мейрамханаға мол табыс әкеледі.

Олжас Әшім, мектеп бітіру кештерін ұйымдастырушы:

- Орташа мектептер ұйымдастыруға 400-500 мыңның көлемінде шығады. Одан да қымбат бар. Мысалы, қалталы ата-аналары бар мектептер олар 1 миллионнан астам, 2 миллионның көлемінде де алып жатады.

Үлкен өмірге аяқ басқан түлектер үлкендерше киінгісі де келеді. Киім дүкендеріндегі сауда да қызу. Сатушылардың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласының қыздары осы күні түлектер кешіне екі көйлектен алады.

Бибігүл Сатыбалды, дүкен иесі:

- Мына көйлектердің әшекей тастары да ерекше, қолдан жасалған өрнектер. Бағалары 100 мыңнан астам болады. 150, 160, 180 мың теңгеден астам.

Сонымен бір баланың мектеппен қоштасуына шамамен қанша қаржы керек? Есептеп көрейік. Мейрамхана, ата-анасымен барса 40 мың теңге, фото, видео, лимузин жалдау, кештің тамадасы, шақырылған әнші, әртістері бар - 50 мың теңге. Түлектің мерекелік киімі - 100 мыңның маңайы. Қыз балалар түрлі әшекей алады да, сұлулық салондарына барып, тағы 30 мың теңгедей жұмсайды. Сонымен 200 мың теңгелік межеден астық. Бір сыныпта отыз бала болғанда, бұл сома 6 миллион теңгеден көп. Елорданың өзінде жылына 200-дей сынып оқушылары мектеп бітірсе, бұл саладағы бизнестің ауқымын бағамдай беріңіз. Айтпақшы, мұғалім мен мектепті де сүйікті оқушылары сыйлықсыз қалдырмасы анық.

Мұндай ысырапты әзірге заңмен тоқтатудың жолы жоқ. Білім басқармалары ғана өз құзырына сай бұйрық шығарады.

Дулат Жекебаев, Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Оның ішінде көптеген пунктер бар: ата-аналардан ешқандай да заңсыз ақша жинамау, ата-аналардан сынып жетекшілері, мектеп басшысы ешқандай да сыйлық алмауы керек.

Мұғалімді осы бұйрықпен тыйдық делік. Бірақ ата-анаға тоқтау болмай тұр. Бірен-саран оқу ордасының түлектері тойлаудан бас тартыпты дегенді естиміз. Дегенмен елдегі 7500 мектеп түлектерінің басым бөлігі мектеппен дүркіретіп қоштасады. Балабақша, бастауыш, тіпті тоғыз бітіргенді тойлау да белең алып барады.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 10 жылдан астам мектеп директоры болып жұмыс істедім. Бұл мәселеге қатысты ұстанымым - бала мектеппен тек мектеп қабырғасында қоштасуы керек. Мектептен түлеп ұшқан соң, не істесе де өз еркі.

Гүлнар Омарова, Нұр-Сұлтан қалалық ата-аналар қауымдастығының төрайымы:

- Шетелде, басқада ондай жоқ. Соны біз жеткізуіміз керек. Флешмоб ретінде, иә бір челлендж ретінде.

Расында да шетелдерде мектеппен қоштасу дәл бұлай тойланбайды. Қытай оқушыларының мектеппен байланысты дәптер күнделік секілді заттарын қоқысқа лақытаратын дәстүрі ғана бар. Ал, АҚШ пен Еуропа елдерінде түлектер мектеппен мектеп ішінде қоштасады.

Қазақтың ысырапшылдығына шек жоқ. Бекер мал шашпақ пен тойқұмарлықты азайту туралы Қазақстанда соңғы кездері көп айтылып жүр. Тіпті, Мемлекет басшысы да бұл мәселе туралы кезінде Twitter парақшасында жазды. Яғни, бұл - үлкен мәселе. Оны жою үшін өзге елдерден үлгі алып, сананы жаңғырту керек.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу