Балабақша мен білім беру ұйымдары қызметкерлерінің айлығы өседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балабақша мен білім беру ұйымдары қызметкерлерінің айлығы өседі

01.03.2019

Жалақысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің айлығы 30 пайызға өсетіні ірі қалаларға қарағанда өңірлерде өзектірек екені анық. Әсіресе, бұл әлеуметтік қамқорлық білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт саласының мамандарын кеңінен қамтымақ.

Март Бақытжанқызы - Көкшетаудағы «Айша» балабақшасында тәрбиеші. Бұл саладағы еңбек өтілі - 8 жыл. Ол балаларды жақсы көреді. Мамандығын сүйеді. Жақсы тәрбиеші болудың басты сыры да осы дейді білікті маман. Дегенмен, қазір жалақы мәселесі өте өткір тұр. Себебі табыс тауып, өз балаларын да жетілдіру керек.

Март Бақытжанқызы, тәрбиеші:

- Балабақшадағы тәрбиешілердің жалақысы өте төмен. Әр тәрбиешінің отбасылық жағдайы бар, әлеуметтік жағдайы бар, балалары бар. Соларды жақсарту үшін, балалардан бөлек, отбасына да көңіл бөлу керек.

Орта білім беру саласында да аз жалақы алып жүргендер баршылық. Мәселен, мектеп психологтары. Әсел Смайылова Көкшетаудағы №2 орта мектепте жұмыс істейді. Жүктемесі ауыр. Білім ордасында 1000 шақты оқушы бар. Ал, психологтар саны екеу ғана.

Әсел Смайылова, мектеп психологы:

- Мектеп психологына қазіргі уақытта өте үлкен талап қойылады. Жауапкершілігі өте зор. Бірақ мектеп психологтарының жалақысына келсек. Жүктемеге сай келмейді. Мұғалімдер жарты күн сабақта болса, мектеп психологы таңертең келгеннен кешке дейін балалармен жұмыс жасайды.

1 шілдеден бастап жалақыға қосылатын төлем дифференциалды түрде 30 пайызға дейін жетпек. Білім саласындағы барлығы 500 мыңға тарта адамның еңбекақысы өседі.

Күләш Шәмшидинова, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Олардың қатарында мектепке дейінгі ұйымдар мен интернаттардың тәрбиешілері, олардың көмекшілері, методистер, әлеуметтік педагогтар, балабақшалар мен колледж психологтары, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, кітапханашылар, бухгалтерлер, іс жүргізушілер, еден жуушылар, күзетшілер, от жағушылар, сантехниктер мен электриктер сияқты тағы да басқа техникалық қызметкерлер бар.

Қазіргі уақытта білім және ғылым министрлігі мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп қызметкерлердің санаттарын, сондай-ақ, жалақысын арттыру көлемін анықтау жұмыстарын жүргізуде. Айлықтың өсуі жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, саладағы кадр тапшылығын азайтуға да оң септігін тигізбек.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу