Мектеп мәселесі шешілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектеп мәселесі шешілді

11.02.2019

Түркістан облысы Келес ауданында үш ауысымды және ғимараты апатты жағдайдағы мектептер түгелдей жойылды. Мемлекеттік бағдарлама аясында былтыр аймақта 6 білім ұясының құрылысы басталып, оның төртеуі ел игілігіне берілді. Соның арқасында 4 мыңға тарта оқушы сәулетті сыныптардағы жаңа парталарға жайғасты.

Апатты ғимаратта үш ауысыммен қысылып-қымтырылып отырып, білім алған мына оқушылар оқу жылының екінші жартысын қуанышпен бастады. Жаңа салынған мектептің құрылысы бітіп, қоңырау соғылды. Қазақ-өзбек шекарасының бойындағы алақандай ауылда қазір 357 бала сабаққа барып жүр.

Айжан Нұршат, 8-сынып оқушысы:

- Технология кабинеттері бар. Қыздарға бөлек, ұлдарға бөлек. Қазір бізде лингафонды кабинет бар. Онда әр оқушыға бір компьютерден бар. Соның көмегімен ағылшын тілін тез үйренеміз.

Екі қабатты зәулім мектептің құрылысына 820 миллион теңгеден астам қазына қаржысы жұмсалды. Сәулетті сыныптар жаңа жиһаздармен және оқу құралдарымен жабдықталған. Балалар заманның талабына сай жаңартылған мазмұнда, электронды жүйеде білім алмақ.

Жорабек Тілеков, мектеп директоры:

- Бұл жерде 96 компьютер бар, 4 лингафонды, 2 мультимедиялық кабинет бар. Барлық сынып бөлмелерінде ақылды тақта бар. Проекторлар жұмыс істейді. Мұғалімдерге жағдай жасалынды.

Келес ауданында халық саны жылдам өсіп келеді. Мектеп жасындағы балалар саны жыл сайын 1,5 мың балаға артады. Әр жылы қосымша 50-60-қа дейін сынып қосылады. Осыны ескере отырып, ендігі жерде халық санына сай жаңадан мектептер салынады.

Ахментай Есбаев, Келес ауданының әкімі:

- Проблемалы мәселелерді шешу мақсатында 4 жаңа мектеп салынады. Бүгінгі таңда ол мектептердің орналасатын жерін бекітіп бердік. Енді жобалық-сметалық қаржы қарастыруды алдағы сессияға жоспарлап отырмыз.

Аудан аумағында орта білім беретін 63 мектеп бар. Оның үштен бірінің ғимараты типтік үлгіге сай емес. Сондықтан биылғы жылы олардың қасынан қосымша ғимарттар салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге оқулықтар мен мектеп жабдығы, оқу әдістемелік кешендер үшін қазынадан қосымша қаржы бөлінбек.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу