Жамбылдық жас ғалым жерді қайта қалпына келтіретін тыңайтқыш зат ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдық жас ғалым жерді қайта қалпына келтіретін тыңайтқыш зат ойлап тапты

21.01.2019

Жамбылдық жас ғалым тозған егістік алқаптары мен соры шыққан жерлерді қайта қалпына келтіретін тыңайтқыш зат биомелорант ойлап тапты. Инновациялық жобалар байқауында озып шыққан ғалымның өнертабысы ауыл шаруашылығында сұранысқа ие болатын сыңайлы. Жерді өңдеудің тың әдісін әуелі жергілікті диқандар байқап көрмек.

Дәулет Егембердиев ұсынған тыңайтқыш заттың құрамы өте қарапайым. Кәдімгі жантақ өсімдігі, көң және фосфогипс. Қолданылатын шикізат жергілікті, қоршаған ортаға еш зияны жоқ, әрі шығыны аз. Дәстүрлі әдіс бойынша  қолданылатын 40 тоннаға дейінгі фосфогипс пен қиды 500 келі биомелирант алмастыра алады.

Дәулет Егембердиев, жас ғалым:

Біздің минералды тыңайтқыштар өсімдікке молекула түрінде жүретін болса,  биомелорант ион күйінде жүреді және өсімдік  бірден өзіне қабылдайды. 5-10 есе көп өнім беріледі.

Биомелоранттың тағы бір тиімділігі, тұзданған жерлерді қайта қалпына келтіріп, 5 пайызға дейін құнарлылығын  арттырады.  Тың әдіс егін егіп отырған шаруашылықтарға тиімді болмақ. Мәселен,  мың гектардай жерді игерген Мейрамбек Сүтібаевтың  серіктестігі тұзды жерлерді қайта қалпына келтіре алмай отыр.

Мейрамбек Сүтібаев, серіктестік басшысы:

1000 гектарды қолдан суарайын деп жатырмыз. Жергілікті  ғалымның ойлап тауып жатқаны тиімді болса, қолданамыз.

Жақында ғана  республикалық жобалар байқауында «ең үздік жас ғалым» атанған оқымыстының  жобасы әзірге тәжірибе күйінде қалып отыр. Алайда,  өңірдің 70%-ын  табиғи шөлейт жерлер алып жатыр. Қазір құмға жақын аудандарды шөл басу қаупі барын ескерсек, жас ғалымның жаңалығы кәдеге асары анық. 

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу