Мұғалімдер сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша төлемақы алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұғалімдер сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша төлемақы алады

10.01.2019

Мұның барлығы ұстаз мәртебесі туралы заңда қарастырылған. Бұрын-соңды біздің елде болмаған заң жобасы қазір Үкіметтен өтіп, депутаттардың талқысына жіберілмек. Бүгін Астана қалалық Білім басқармасы ұстаздарды жиып, аталған заңды талқылады.

Ләззат Озаева жас маман. Төрт жыл педагогикалық университетте оқыды. Жаңа заң қабылданса, 46 жаста зейнетке шыға алады. Себебі оның студенттік жылдары стажға кіреді. Яғни, университеттен кейін 26 жыл үздіксіз ұстаз болып жұмыс істесе болғаны. Бұған бала күтіміне байланысты үйде отырған уақыты да кіреді.

Сондай-ақ, заң жобасында мұғалімдерге жылына сауықтыруға қазіргідей бір емес, екі жалақы көлемінде көмек беру қаралған. Дәптер тексеру мен сынып жетекшілігіне 15 мың теңгедей қосылады. Жас мұғалімдерге тәлімгерлік жасағандар мен ғылыми атағы бар ұстаздарға да қосымша ақша төленеді. Бұл жаңашылдықтардың көпшілігін педагогтардың кәсіподағы ұсынған.

Айгүл Мұқашева, ҚР Білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары:

- Қазір ауыл мұғалімдерінің жалақысына 25 пайыздай үстемақы қосылса, жаңа заң бойынша астаналық ұстаздарға да осындай үстемақы төлеу қаралған. Елордалық ұстаздар бұл жаңалықты қуана қарсы алды. Заңмен ата-ана мен ұстаз қарым-қатынасы да реттелмек.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір ата-ана кез келген уақытта мектепке келіп, мұғалімді сабақтан шығарып алып, баласының бағасы мен өзге де сұрақтарын сұрай алады. Енді ата-ана мен ұстаздың кездесуі нақты және алдын ала келісілген уақытта болады.

Заң жобасын жасақтау тобында 60 адам бар. Олар ұстаз абыройын арттыру үшін жаңа мемлекеттік марапат бекітуді де ұсынған. Заң жоспар бойынша алдағы маусымда қабылданады.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу