Қазақстан білім саласында қандай жетістіктерге қол жеткізді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан білім саласында қандай жетістіктерге қол жеткізді?

12.12.2018

Елбасы егемендіктің елең-алаңынан бері білімге басымдық беріп келеді. Ширек ғасырда мемлекеттік білім гранттары 3 есе артып, сәбилерді балабақшамен қамту 95 пайыздан асты. Бес облыста бұл мәселе түгелімен шешілді. Ал, салаға құйылған қаржыда қисап жоқ. Білім саласында басқа қандай жетістіктерге қол жеткіздік?

Досжан - Қызылорда облысының тумасы. Тереңөзек қыстағындағы қарапайым мектепте оқығанымен, бағындырған белестері жетерлік. «Алтын белгі» иегері алдымен Қазақ-Британ университетінде тәлім алды. Сосын «Болашақ» бағдарламасымен Шотландияда оқып келді. Қазір Ақтаудағы шетелдік мұнай компаниясында жемісті жұмыс істеп жүр.

Досжан Елеусінов, халықаралық мұнай компаниясының қызметкері:

- Мен сияқты қарапайым, ауылдан шыққан балалар өз талпыныстарымен жетістіктерге жетулеріне болады. «Тек қалада ғана мүмкіндіктер бар, ол жерде барлық жағдай жасалған» деген дұрыс емес нәрсе. Қазіргі таңда барлығына бірдей жағдай жасалған.

Рас, азаттықтың арқасында ауылдағы білім қаламен теңестірілді. Елді мекендерге интернет жеткізіліп, керек-жарақпен қамтылды. Грант жағынан мәселе жоқ. Ауыл квотасынан бөлек, «Серпін» бағдарламасы бар.

Айгүл Жұмабекова, ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім департаментінің басқарма басшысы:

 - «Мәңгілік ел жастары» бағдарламасымен 2011 жылдан бастап, жыл сайын 10 пайыз мемлекеттік білім тапсырысы бойынша «Серпін» бағдарламасына бөлінеді.

Тәуелсіздік жылдары билік балабақша мәселесін басты назарға алды. Жүзеге асқан жұмыстардың нәтижесінде балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95 пайыздан асты.

Зейнеп Мақсұтова, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары:

- БҚО, ШҚО, Павлодар, Қызылорда және Қостанай облыстарында 100 пайыз шешілген. 2019 жылдың соңына дейін еліміз бойынша балалар 100 пайыз балабақшамен қамтылады деп күтілуде.

Қазір еліміздегі 7 мыңнан астам мектепте 300 мың мұғалім еңбек етеді. Барлығының біліктіліктері мемлекет тарапынан тегін түрде үздіксіз жетілдіріліп келеді. Келесі жылдан бастап мәртебелері заң жүзінде бекімек. Себебі, мықты ұстаз болғанда ғана, мектептерден Досжан сияқты ұстанымы мықты шәкірттер шығады.

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу