Инклюзивті білім беру жүйесі реттелуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Инклюзивті білім беру жүйесі реттелуде

12.10.2018

Еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары күшейтілу қажет. Елбасы Жолдауында осындай тапсырма берілді. Бүгінде елімізде 97 мыңға жуық мектеп жасындағы мүмкіндігі шектеулі бала бар. Алайда, олардың тек үштен бірі ғана білім алып жүр. Елордадағы №65 гимназияда осындай 100 шақты бала оқиды.

Мөлдір 6-сыныпта оқиды. Оқу озаты. Күнделікті сабақтан қалмай, сүйікті мектебіне баруға қашан да асығып тұрады. Мөлдір сияқты осы білім ордасында 99 мүмкіндігі шектеулі бала оқиды. Мұнда ерекше оқушыларға барлық жағдай жасалған. Қайырымдылық қорынан көлік бөлініп, бүлдіршіндерді мектепке жеткізіп отырады. Сондай-ақ, арнайы педагогтар олардың жанында күні бойы жәрдемдесіп жүреді.

Салтанат Рақышева, қала тұрғыны:

- Басында қиын бола ма деп қорықтық. Бала оқи ала ма, балалармен қарым-қатынасы қалай болады деп. Тәубә, бәрі жақсы.

№65 гимназия инклюзивті білім беру жүйесіне 2011 жылы көшті. Мұндағы балалардың көпшілігінің омыртқасы зақымданған. Олар 49 инклюзивті сыныпқа бөлініп оқиды. Әр баламен жеке-жеке түзету-дамыту жаттығулары жүргізіледі. Яғни, ортопед, деффектолог, сурдоаудармашы мамандардың еңбегі зор. Ең бастысы, балалар өздерін бөтен сезінбейді. Орта оларға бейімделген.

Қарлығаш Жаханова, №65 мектеп-гимназиясының инклюзивті білім беру сыныптарының координаторы:

- Мектепте пандустар орнатылған. Ерекше жағдайдағы балаларға бөлек есік бар. Сол жерде кезекшілік жасалып, сол жерден балаларды күтіп аламыз. Мейірімділік қорынан біздің балаларға көліктер бөлінген. Әр балаға жеке-жеке педагог бар. Олар азанда балаларды күтіп алады. Сабақтарына кіргізеді. Жанында жағдайларын жасайды. Әжетханаға, асханаға апарып, өздері мүмкіндіктерінше көмектеседі.

Жалпы, Қазақстанда білім ала алатын мүмкіндігі шектеулі балалар саны 145 мыңға жуық. Мектеп жасындағысы - 96 мыңнан астам. Мектепке дейінгі жастағылары – 48 228. Білім министрлігінің жоспары бойынша келер жылға дейін республика бойынша білім ордаларының 70 пайызында инклюзивті білім беру жүйесі енгізілмек. Сондай-ақ, психолог әрі медициналық педагогтардың санын арттыру жөнінде бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу