Алматыда Еуразия педагогикалық университеттер қауымдастығының ұйымдастыруымен ауқымды форум өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Еуразия педагогикалық университеттер қауымдастығының ұйымдастыруымен ауқымды форум өтті

05.10.2018

Биыл қазақ даласында тұңғыш рет ашылған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құрылғанына - 90 жыл. Атаулы датаға орай Алматыда Еуразия педагогикалық университеттер қауымдастығының ұйымдастыруымен ауқымды форум өтті. «Үздіксіз педагогикалық білім: дәстүр мен жаңашылдық» атты тақырып аясында болған алқалы жиынға  әлемнің 24 елінен 120-дан астам адам келіп, қатысты.

Білім саласындағы дәстүр мен жаңашылдыққа арналған форумда 7 мәселе талқыланды. Солардың өзектісі орта білім. Яғни, орта білім беретін білікті ұстаз, үздік педагог даярлау. Осы жолы да ғалымдар мұғалімнің әлеуметтік статусына қатысты пікір айтылды. Олардың сөзінше, ұстаздың еңбекақысын көтеру арқылы бұл салаға білікті мамандарды тарту қажет. Оқытушыға талап қою үшін олардың табысы жақсы болуы тиіс.

Ерлан Сыдықов,  Жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің төрағасы:

-Кейбір елдерде мысалы, Сингапурде мұғалімдік бір орынға 7 адам таласады екен. Ал, бізде өкінішке орай кейде кейбір мамандықтарға мемлекет қаражат беріп, грант арқылы әзірлейді. Кейін олардың бәрі жеке меншік секторға, трансұлттық корпорацияларға, болмаса жалақысы жоғары қызметтерге кетіп қалып жатыр.

Жиында тек Қазақстан емес, Еуразия кеңістігіндегі педагогикалық білім саласының келешегі, көршілес елдерде қолға алынған реформалар талқыға түсті. Ал, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Австрия, Польша сияқты мемлекеттердің педагогтары үздік тәжірибелерімен бөлісті.

Александр Лубков,  Еуразиялық педагогикалық университеттер қауымдастығының президенті:   

-Біздің көптеген мәселелеріміз бір-бірімізге ұқсас. Тәжірибе тұрғысынан да, технологиялық,  әдістеме тұрғысынан да. Бірақ, қазір әлемде заманауи, цифрлы білім беру үрдісі қарқын алып келеді. Сондықтан, білім саласы тығыз байланысты болғандықтан осы жаңашылдыққа бірге дайын болуымыз керек.

Форум аясында еліміздің жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің мәжілісі де өтті. Ғалымдар бәсекеге қабілетті жоғары білім беру мәселесін пысықтады. Олар ТМД елдеріндегі үздіксіз білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру тетіктерін қарастырды.

Амангелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу