Елордада ерекше ұстаздар отбасы тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада ерекше ұстаздар отбасы тұрады

27.09.2018

Саналы ғұмырында жас өрендерге білгенін үйретуден жалықпаған үлкен әулеттен 16 бірдей мұғалім шыққан. Ұстаздық жолды ұрпақтан-ұрпаққа жалғаған Садырбаевтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 363 жылды құрайды. Кәсіби мереке қарсаңында  еңбек династиясы арнайы марапатқа ие болды.

Жылдағы дәстүр бойынша Қызылгүл Нұрғалиқызын бүгін ұл-қыздары мерекемен құттықтап келді. 30 жасында мектеп директоры болып,  40 жылын білім беру саласына арнаған әжеміз қазір сексеннің сеңгіріне шығып, зейнет демалысында.  Ұстаздық жылдарында 2 мыңнан аса оқушыға білім берген екен. «Сапалы білімнің алғышарты - қатал тәртіп», -  дейді.

Әулеттің басым көпшілігі математиктер. Жалғыз  тіл маманы Айгүл Садырбаева үшінші буындағы ұстаз. Бүгін ол бүкіл әулеттің атынан қалалық байқауға қатысып, арнайы жүлдеге ие болып отыр.

Айгүл Садырбаева, орыс тілі пәнінінің мұғалімі:  

- Атам да, әжем де мұғалімдер. Енді қызым музыкамен айналысады. Болашақта мұғалім боламын деді.

Салтанатты іс-шарада бұдан бөлек жалпы еңбек өтілі 300, 200 жыл болатын 6 бірдей әулеттің мұғалімдері марапатқа ие болды. Шөліркеген шәкірттерін ұзақ жылдар бойы білім нәрімен сусындатқан үздіктер де назардан тыс қалмады.

Гүлзипа Қылышпаева, үздік педагог, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Тек оқушыны ғана тәрбиелеп қана қоймай,  сол оқушыларға білім беріп жатқан қазіргі жас мамандарды да тәрбиелеу жолында еңбек жасап жатырмыз. Әрине, жас мамандарға сабақ беру, оқушылармен  қарым-қатынас жасау жолында әдістемелік кітаптар қажет болды. Міне, сондай бірнеше кітаптар жаздым.

Бүгінгі марапатқа ие болғандардың басым көпшілігі 20 жылдық белеске қадам басып отырған Астананың білім беру саласының  дамуына ерен еңбек етіп, тер төккен азаматтар. Олардың еселі еңбегі қоғам үшін қашан да үлкен маңызға ие.

 Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу