Білім саласы жемқорлық бойынша 3-орында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Білім саласы жемқорлық бойынша 3-орында

11.09.2018

Соңғы 3 жылда білім саласының 228 қызметкері парақорлық үшін ұсталған. Елімізде білім беру мекемелері жемқорлық бойынша үштікке кіреді. Бұл туралы бүгін Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен жиында айтылды. Кездесуге агенттік өкілдері мен Білім және ғылым вице-министрі қатысып, білім беру жүйесіндегі негізгі мәселелерге тоқталды. Мысалы, Алматы облысындағы мектептерде тестілеу ақылы түрде жүргізілген. Ол үшін мұғалімдер оқушылардан 500 теңге ақша алып отырған. «Осы саладағы жемқорлық себептерінің бірі – ұстаздардың жалақысының төмендігі»,- дейді мамандар. 

Олжас Бектенов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:

-Біз ата-аналар білім беру ұйымдарындағы жөндеу немесе іс-шараларды өткізу жұмыстарына қандай да бір шығындар жасауға міндетті емес деп ойлаймыз және мұндай фактілерді жемқорлық ретінде қарастырамыз. Өйткені, осы мақсаттар үшін бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінеді.

Мектептерде заңсыз ақша жинау қашан да өзекті мәселе. «Астана – адалдық алаңы» жобасы да осы бағытта жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, бармақ басты оқиғаларды  алдын алу, тұрмыстық жемқорлықты жою, мемлекеттік органдардың ашықтығы сияқты міндеттерді қарастыратын жоба бүгінде жемісін беруде. Бағдарлама аясында елордадағы №54 мектеп жаңартылды. Жаңа кабинеттер ашылды. Соның нәтижесінде мекемеге ешқандай қосымша қаржы қажет болмай қалды. Яғни, мұғалімдер де ата-аналардан ақша жинамайды деген сөз. Осындай шаралар елорданың өзге де мектептеріне қолданылмақ.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

 

 

Хабарламаларға жазылу