Жаңақорған ауданында бір күнде екі мектеп пайдалануға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңақорған ауданында бір күнде екі мектеп пайдалануға берілді

03.09.2018

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында бір күнде 2 мектеп пайдалануға берілді. Біреуі- Түгіскен ауылында, екіншісі -аудан орталығында. Екеуі де 300 орынға лайықталған, замануи үлгіде салынған.

Түгіскендік балалар бұған дейін асар әдісімен салынған мектепте оқыды.  Ыңғайластырылған ғимаратта талапқа сай білім алуға кедергі көп болды.   Енді бәрі басқаша. Жаңа оқу жылын жаңа білім ошағында бастаған оқушылардың қуанышында шек жоқ. Мұнда спорт зал, акт залы мен асхана, кітапхана мен қажетті құралдармен жабдықталған пәндік кабинеттер бр.

Бақыткүл Сәдірова, ата-ана:

-Қуаныштымыз. Неше жылда бір салынып тұрған көркем мектеп. Саналы білім, сапалы тәрбие беретініне сенеміз.

Гүлзада Әбутәліпов, мұғалім:

-Мектеп ұжымының 80 пайызы жастар. Білімді, патриот ұрпақ тәрбиелеуге ұжым және ата-аналар атсалысады деген ойдамын. Керемет білім ордасында замануи білім алады деген сенімдемін.

Жаңақорған кентіндегі №56 мектептің де ұжымы үшін, ата-аналар мен оқушылар үшін жаңа оқу жылы жақсы жаңалықпен басталды. Былтыр мамыр айында құрылысы басталған мектеп Білім күнінде пайдалануға берілді. Барлық талапқа сай, замануи үлгідегі білім ошағында оқушылардың дамып-жетілуіне жан-жақты жағдай жасалған.

Есдәулет Мүтәліп, оқушы:

-Бұрынғы  мектепте дене шынықтыру сабағы далада өтетін. Ал, жаңа мектебімізде спорт залда ойнап, барлық мүмкіндік жасалды. Оқушылардың барлығы қуанышты.

Қазалы ауданында да  жаңа оқу жылына орай  300 орындық  мектеп пайдалануға берілді. Жалпы, Қызылорда облысында соңғы 5 жылдың ішінде 45 білім ошағы салынды,  оның  37-сі апатты мектептер орнына бой көтерген.    

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.               

Хабарламаларға жазылу