«Whatsapp» қосымшасында білім гранттары жөнінде тараған ақпараттар қаншалықты рас? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Whatsapp» қосымшасында білім гранттары жөнінде тараған ақпараттар қаншалықты рас?

28.08.2018

Соңғы айда телефондағы «Whatsapp» қосымшасында білім гранттары жөнінде түрлі хабарламалар тарап жүр. Бір білім ордасы 9-сынып түлектерін колледжге оқуға шақырса, екіншісі бакалавриат мамандықтарына арналған бос гранттар жөнінде хабарлайды. Жалпы, бұл ақпараттар қаншалықты рас? Желідегі жаңалық жас түлек үшін жақсы мүмкіндік пе, әлде жалған үміт пе?

«Whatsapp»-тағы мынандай хабарламаларды көп адамның көзі шалып қалған болар. Бірі бес адамға ғана оқу грантын, өзгесі жатақханасымен қоса тегін оқуын да ұсынады. Арасында Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысын талап етпейтіні де бар. Осы хабарламалардың рас-өтірігін  білу мақсатында көрсетілген нөмірлерге хабарласып көрдік.

Әлеуметтік желілердегі осы сынды ақпараттардың таралуы талайға үміт сыйлаған шығар. Бірақ, мемлекеттік білім беру гранттары биылғы оқу жылына тағайындалып бітті. Яғни, республикалық бюджеттен бөлінетін  бос грант қалмады. Ал, ақпараттарды әлеуметтік желіге кім таратқаны белгісіз. Білім министрлігі де аталмыш жағдаймен қалай күресерін білмей отыр.

Наужан Дидарбекова, ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің бас сарапшысы:

- Тек қана Білім және ғылым министрлігінің ресми аккаунттары бар. Біз сол аккаунттармен жұмыс істейміз. Басқа желідегі ақпараттар бойынша жауап бере алмаймыз. Бұл тек гранттарға қатысты емес, жалпы мұндай түрлі ақпараттар келіп жатады. Барлық адамдар әлеуметтік желіде болғаннан кейін оған ешкім шектеу қоя алмайды. Дегенмен де, бұл мәселені ЖОО қабылдау бойынша мониторинг кезінде ескеріледі.

Министрліктегілердің айтуынша, бос гранттар туралы ақпарат Білім және ғылым министрлігінің және Ұлттық тестілеу орталығының сайттарына ғана шығарылып отырады.

Гранттарға қатысты жағымды жаңалық та бар. Биыл Астана  әкімдігі алғаш рет 11-сыныптың 1000 түлегі үшін жоғары оқу орындарында тегін білім алуына мүмкіндік берді.

Жазира Асанова, Астана қаласы білім басқармасы бөлім басшысы:

- Өтініштердің барлығы қарастырылып, 800-ден астам өтініш түсті. Оның 748-і әкімдік грантына ие болып отыр. Осы грант бойынша оқып шыққан студенттер университет, студент және әкімдік болып үш жақты келісімшартқа қол қойып отыр. Оқуын бітіргеннен кейін ол студенттер Астана қаласында кемінде үш жыл қызмет етуі керек.

Қорыта айтқанда, министрлік те, қалалық білім басқармасы да желідегі жалаң ақпараттарға бірден сенбеуге шақырып отыр. Ақпаратты тек ресми сайттардан оқып, алдын ала тексерген жөн.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу