Алматылық оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл алды

26.06.2018

Ол Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының түлегі Құдайбергенова Шиара Әбдірахымқызы. Бір қызығы, Шиара «Алтын белгі» иегері емес. Бірақ, тестілеудің жүйесі өзгерген екі жылдың ішінде ең жоғары ұпай жинаған еліміздегі алғашқы оқушы.

Шиара Әбдірахымқызының қуанышында шек жоқ. Себебі, Ұлттық бірыңғай тестілеуге 9-сыныптан бастап тыңғылықты дайындалған. Қатты уайымдағаны соншалық, тестінің нәтижесін білуге де бармапты. Бірақ, сұрақтардың көбіне сенімді жауап берген ол жоғары балл алатынына іштей сенген.

Шиара Әбдірахымқызы, Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының түлегі:

- Мен көптеген тесттермен жұмыс істедім. Ұлттық бірыңғай тестілеуде  120,130 ең соңғысы 136 балл алдым.

Шиара қарапайым отбасында өскен, әулеттің тұңғышы. Сондықтан, жастайынан білімге құштар, ізденімпаз болып тәрбиеленген. «Мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласатын», -дейді ұжым басшысы. Ал, Шиара білім алған №123 мектептен биыл 102 оқушы тестілеуге қатысқан. Соның 82-сі 100-ден жоғары балл жинапты.

Бағила Әшімбаева, Қожа Ахмет Яссауи атындағы № 123 мектеп-гимназиясының директоры:

- Әрине, мұның барлығы біздің ұстаздарымыздың еңбегінің арқасы. Күн демей, түн демей, уақытымызды бөліп, оқушыларымызды білім нәрімен сусындатып жатырмыз.

Таңқаларлық нәтиже көрсеткен талапты оқушыны бүгін қала әкімі Бауыржан Байбек құттықтап, құнды кітаптар пен ноутбук сыйлады. Ал, география және математика пәндерін сүйіп оқитын Шиара Құдайбергенова Астанадағы Назарбаев университетіне оқуға тапсыруды жоспарлап отыр.

 

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу