Биыл ҰБТ тапсыруға 97 мың түлек өтініш берген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл ҰБТ тапсыруға 97 мың түлек өтініш берген

02.05.2018

Ұлттық бірыңғай тестілеуге биыл 97 мыңға жуық түлек қатысамыз деп білек сыбанып отыр. Бұл - жалпы мектеп бітірушілердің 69 пайызы. Бірақ, бұл соңғы мәлімет емес. Өтініш беру мамырдың 10-на дейін жалғасады. Ал, емтихан маусымның 20-да басталуы тиіс. Тестілеу сынағының қандай жаңашылдықтары бар? Тілшіміз Ардақ Мұратқызы зерделеп көрді.

Несібе Жақсылық – 11 сынып оқушысы. Ұлттық бірыңғай тестілеуге күні-түні дайындалып жүр. Зерек қыз физика-математика бағытын тереңдетіп оқитын мектепте білім алады. Үздік аттестаттан үмітті түлектің тестілеу құрылымы жайлы өз пікірі бар.

Несібе Жақсылық, 11 сынып оқушысы:

- ҰБТ білімді емес, жаттанды түрдегі мәліметтерді тексереді. Мен қайтадан 6-сыныптан бастап географияны оқи бастағанда, көп нәрсенеі жаңадан аштым. Бірақ, оны тест түрінде тексеруге мүмкіндік жоқ. Өйткені, «Қай мемлекетте қандай көл орналасқан? Қандай бұғаз бар?» деген сияқты жаттап алатын сұрақтар болады.

Білімді бағалау сыны биыл да 5 пән бойынша өтеді. 3 пән міндетті, екеуі таңдаулы. 120 сұраққа жауап беруге 3,5 сағат уақыт беріледі. Биыл тест сұрақтары 50 пайызға жаңартылған. Ең жоғары балл – 140, ал, ең төменгі шекті балл – 50 болып қалып отыр.

Рамазан Әлімқұлов, Ұлттық тестілеу орталығының директоры:

- Бүгінгі таңда 96 963 түлектен өтініш тіркелді яғни, түлектердің 69 пайызы қатысамыз деп ниет білдіріп отыр. Жалпы, биылғы түлек саны 146 мың.  

Биыл да сынақтан сүрінгендер емтиханды қайта тапсыра алады. Екінші айналым ақылы түрде тамызда және келер жылдың қаңтарында өтеді. Бұдан басқа да, тестілеуде бірнеше жаңашылдық енгізілді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Біз биылғы жылы ағылшын тілінде ҰБТ тапсыруға мүмкіндік беріп отырмыз. 200-ге жуық түлек өтініш берген болатын. Балаларда әр түрлі қиын жағдай болуы мүмкін, ауырып қалуына байланысты, автоапат т.б, қатыса алмай жатты. Биыл егер жергілікті жерде болып жатса, ҰБТ тапсыруға мүмкіндігі болады.

Былтыр «Алтын белгі» иегерлері аз балл жинаса да, грантқа ілігіп, кейін оқу орнына түскендер тізімі бірнеше рет ауысып, арты үлкен дауға айналған еді. Биыл «Алтын белгі» иелерінің басымдылығы сақталады. Бірақ, қарапайым түлекпен тең балл жинағанда ғана «алтынның» салмағы басым болады. Ал, басқа жағдайда грантқа тек жоғары балл жинаған түлек өтеді. Шенеуніктер биыл ондай былық болмайтынын уәде етті. Несібе де биылғы тестілеуде есті сұрақтар болып, дайындығының еш кетпейтініне үміттенеді.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу