Медициналық университет ректоры жұмысынан босатылмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медициналық университет ректоры жұмысынан босатылмайды

27.04.2018

Жалған IELTS сертификатымен әшкере болған студенттердің азаматтық құқықтары шектелмейді. Олар әлі де жоғары білім ала алады, бірақ, енді білім беру гранты берілетін байқауына қатыса алмайды. Сондай-ақ, Медициналық университет ректоры қызметінен босатылмайды. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты. Оның сөзінше, үлкен шу туғызған осы оқиғаға қатысты студенттер Астанадағы медицина университетінде оқымаған. Бұл оқу ордасына магистратура, резидентура немесе докторантураға түскен.

Еске сала кетсек, 2 күн бұрын Астана медициналық университетінде дау шыққан еді. Мұнда магистратура, резидентура және докторантураға оқуға түсу кезінде қолдан жасалған IELTS сертификаттарын пайдаланғаны үшін 117 студент оқудан шығарылды. Астана полициясы өз кезегінде жалған сертификат сатқан адамдарды анықтағандарын хабарлады. 

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Денсаулық сақтаудағы бүкіл әріптестерімізге үлкен өкінішті жағдай деп айтуға болады. Бірақ, ол жүйелі мәселе. Біздің ойымызша, денсаулық сақтау саласының сапасын көтеру үшін ағылшын тілін оқыту мәселесін өткізуіміз қажет.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу