Талдықорғандық оқушы АҚШ-тың 5 бірдей жоғары оқу орнына шақырту алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғандық оқушы АҚШ-тың 5 бірдей жоғары оқу орнына шақырту алды

04.04.2018

Назарбаев интеллектуалды мектебінің шәкірті Антон Моргунов Гарвард, Стенфорд, Колумбия, Массачусетс және Калифорния университтерінің сынақтарынан мүдірмей өтіп, бәрінде де тегін білім алу грантын иеленген. Сонымен қатар, ол химия пәнінен халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанып, еліміздің басқа да жоғары оқу орындарына жолдама алып отыр.

Антонның жақсы көретін пәні – химия. Дәл осы сабақтан ол бірнеше жыл қатарынан халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанды. Ал, ағылшын тілін жетік меңгергенінің арқасында АҚШ-тың алдыңғы қатарлы білім ордаларына шақырту алды. Болашақ мамандығы мен оқу орнын таңдау үшін зерек баланың бір айдай уақыты бар.

Антон Моргунов, Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы:

- 1 мамыр АҚШ-та оқушылардың жауап беру ұлттық күні. Яғни, оқушылардың қай оқу орнын таңдау туралы жауап қайтаратын сәті. Осы уақытқа дейін маған университеттерден түрлі хаттар келеді. Олар бізге кел деп өзін жарнамалайды. Менің әлі де ойлануға уақытым бар.

Мұғалімдерінің айтуынша, ізденімпаз әрі еңбекқор Антон спорттан да кенде емес. Үлкен тенниспен айланысады. Велосипед тепкенді ұнатады. Сайт құрастырып, мектептің журналын да ашқан. Бір сөзбен айтқанда, жан-жақты жан.

Виктор Сосин, Назарбаев интеллектуалды мектебі директорының орынбасары:

- Бұл өзін-өзі жетілдірудің, үлкен ізденістің, өзін-өзі жоспарлаудың жоғары деңгейі. Мақсаттарын нақтылап, оған жетудің жолдарын жоспарлай алатын ерекше дарын иесі десе болады. Антон өз замандастарынан көш ілгері келеді.

Алғыр Антон - үйдегі үш баланың кенжесі. Айтуынша, аға-әпкесінде ерекше көзге түсер қабілет жоқ. Ал, ата-әжесі мұғалім болған. «Ілім-білімге деген құштарлық солардан даруы мүмкін», - дейді бес университетті мойындатқан қазақстандық оқушы.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу