Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректорын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректорын қабылдады

28.02.2018

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдаудың басым бағыттары бойынша кадрлар даярлану қажет». Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректорын қабылдау барысында Президент осылай деді.  Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев университет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін атап өтіп, жаһандық экономикалық және технологиялық өзгерістер жағдайына бейімделген жас мамандарды оқыту ісіндегі жоғарғы оқу орындарының рөліне баса назар аударды. Ал, Ғалымқайыр Мұтанов Елбасыға университетті трансформациялау және оқу үдерісін заманауи талаптарға бейімдеу нәтижелері жөнінде баяндады. Сондай-ақ, оқу орнының басшысы ІТ және жаңа технологиялар саласындағы жобалардың іске асырылу барысы жөнінде мәлімдеп, оқу орнының базасында құрылған IT-технопаркі аясында университетаралық өзара ықпалдастықтың орнағанын айтты. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ректорының мәліметіне сәйкес, бүгінде осы оқу орнындағы студенттердің 60 пайыздан астамы жаратылыстану ғылымдары бойынша білім алуда.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіз көп жылдан бері еліміздегі ең ірі және басты университеттердің бірін басқарып келесіз. Мұнда шетелден келіп оқитын студенттер бар. Университет еліміздің жоғарғы оқу орындары арасында жоғары рейтингке ие болып отыр.

Ғалымқайыр Мұтанов, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры:

- Біздің негізгі мақсатымыз – оқу орнын әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру. Соған орай, жетекші мамандар даярланып қана қоймай, ғылым мен инновацияны дамыту мәселесі де қамтылатын болады. Жалпы, университеттер инновациялық экономиканың драйвері болуға тиіс.

Хабарламаларға жазылу