Балқаш көлігінің батыс жағалауында орналасқан білім шаңырағының салынғанына 45 жыл. Содан бері ғимараттың тозығы жетіп, апатты күйде тұр. Шатыры мен жылу жүйесі жуырда жаңартылғанымен, сапасы сын көтермейді. Мектеп ұжымы болса, өзін жапан далада қалғандай сезінеді. Себебі, аудан орталығына дейін қатынау қиын. Қыста жандарын шүберекке түйіп мұздан өтсе, жазғұтырым қайықпен жетеді.
Бір қарағанда мектеп кешегі кеңес үкіметі тұсында қалып қойғандай. Ағаш есік-терезесі әбден тозған, әйнектерін қырау шалып, ескі едендері сықырлайды. Десе де, білім ордасында 100-ден астам бала оқып жатыр.
Шалғайдағы мектептің материалдық-техникалық жағдайы да мүшкіл. Бұл химия-биология пәндерінің зертханасы. Бұл жердегі көрнекі құралдар кеңес дәуірінен сыр шертсе, білім ордасындағы жалғыз микроскоптың тек қаңқасы ғана қалған.
Мектептің спортзалы да апатты жағдайда. Қазір мұнда сабақ жүргізу қауіпті. Оқушыларды шыңдайтын білім додаларынан да бұл мектеп шетте қалып отыр. Себебі, ауданға көл бетімен қатынау қиын.
Мұрат Мұсаханов, Алғазы орта мектебінің директоры:
- Аудандық пән олимпиадалары көбінесе желтоқсан айларында өтеді. Басқа да көктемде, күзде өтетін іс-шараларға мектебіміздің оқушыларын біз жеткізе алмаймыз. Тек қана ауданмен арадағы қатынастар қаңтар, ақпан айларында жарыстар болып жатса, сол жарыстарға оқушыларды жеткізе аламыз. Оның өзінде де таксимен, мұздың үстімен.
Аязды күндері мектеп жылы болды. Бірақ, жылуды қамтамасыз ету де қиямет қайымға айналған. Суықта қатып қалған сұйық отынды жұмысшылар ыдыстан ыдысқа құйып, жылытып, бір-ақ жағады. Шалғайдағы ауыл мектебінің қордаланған мәселелері жайлы облыстық білім басқармасы да құлағдар. Бірақ, білім ошағын бастан-аяқ жөндеу үшін әлі біраз уақыт керек сыңайлы.
Гүласара Исағұлова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Аудандық білім бөлімімен сөйлескенімізде олар 2019 жылға күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға ұсыныс береміз деді. Біз, әрине, оған өз тарапымыздан қолдау көрсетеміз.
Бір қуантатыны, мектеп биыл бір «Алтын белгі» мен екі «Үздік аттестаттан» үміттеніп отыр. Демек, заман талабына сай тиісті жағдай жасалмаса да, шалғайдағы білім шаңырағының көрсеткіштері көштен қалған емес.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ