Отандық оқу орны Еуропа тәжірибесін игеруде

26.01.2018

Еуропалық Одақтың білім саласындағы инновациялық әдістерін қалай меңгеруге болады? Қарт құрлықтың беделді оқу орындарымен ынтымақтастықты арттырудың жолы қандай? «Тұран-Астана» колледжінің ұстаздары мен студенттері Брюссельде осы мәселелер бойынша еуропалық әріптестерімен тәжірибе алмасып жатыр. Оқу ордасының ұжымы сапар аясында бельгиялық университеттердің, бизнес-инкубаторлардың жұмысымен танысты. «Технология трансфері және білімді коммерцияландыру» мәселесі бойынша пікір алмасып, олардың осы саладағы озық жетістіктеріне қанықты. Сондай-ақ, қазақстандық оқытушылар мен студенттер Еуропалық парламент, Еуропалық комиссияға сапарлап, саяси институттардың отырыстарына қатысты. Делегация өкілдері алдағы екі күнде бельгиялық банктердің студенттік жобаларды қаржыландыру жүйесін игермек.

Қуандық Құдайбергенов, «Тұран» колледжінің құрылтайшысы:

- Осы жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында «4-ші технологиялық революцияға жалғыз Үкімет емес, кәсіптік мекемелер емес, сонымен бірге, білім мекемелері де дайын болуы керек», - деді. Сондықтан, Астанаға келгеннен кейін бизнес-инкубатордың жұмысын ұйымдастыратын ойымыз бар.

Нұртуған Бердалиев, «Тұран» колледжінің 3-курс студенті:

- Маған Еуропаның білім беру жүйесінің ең бір ұнаған тұсы - оқып жүріп, еуропалық институттарда тәжірибеден өту мүмкіндігі. Сондай-ақ, бұл жақтың студенттері оқып жүріп, өз мамандығы бойынша еркін жұмыс істей алады екен. Мен заңгер мамандығы бойынша колледжді бітірген соң, осы жаққа келіп, ағылшын-саксондық, романо-германдық құқық жүйелерін игергім келеді.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу