«Техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек». Бұл - Президент Жолдауында айқындалған жетінші міндеттің бір тармағы. Осы мақсатты көздеген «Өмірлік таңдау» республикалық жобасы еліміздің 5 өңірінде кәсіби бағдар беру бойынша тренингтер ұйымдастыруды бастады. Мұғалімдерге арналған оқыту шарасы бұл күндері Оралда өтіп жатыр. Мақсат - жұмысшы мамандықтарды дәріптеп, маңызын ұқтыру.
«Кім боламын, қайда барамын?!» Бұл әр жеткіншектің көкейіндегі сауал. Ата-ананы да алаңдатқан мәселе. Қазір нарықта жұмысшы мамандықтарға сұраныстың жоғары екенін айтады әлеуметтанушылар. Тіпті, үздік ондығы да анықталған. Келешекте қат болатын кәсіптер туралы айтылған тренингке өңірден 50 мұғалім қатысты. Кейін психолог-педагогтар түйген-білгенін 8-10-сынып оқушылары мен олардың ата-аналарына түсіндіріп, мамандық таңдауда қателеспеу керектігін ұқтырады.
Ирина Есениязова, Қазталов ауданы К.Меңдәлиев атындағы орта мектеп мұғалімі:
- Президент болашақта өркениетті елдердің қатарына қосылу үшін кәсіби білімді меңгеру туралы нақты айтып кеткен болатын. Міне, қазір тек қана жоғары оқу орны емес, сонымен бірге токарлық мамандығын меңгеру, оның қоғамға пайдасы туралы көбірек кеңес алып, көкейде жүрген сұрақтарға жауап алдық.
Республикалық жоба 3 кезеңді қамтиды. Алдымен, педагогтар оқыту курсынан өтеді. Кейін 8-10-сынып оқушылары өндіріс орындарына экскурсияға барып, еңбек әулеттерімен кездеседі. Ал, үшінші кезеңде Астанада республикалық форум ұйымдастырылып, үздік тренерлер анықталады. Бастама Президенттің «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыру міндетімен де үндес.
Сұлтан Темірлан, «Өмірлік таңдау» республикалық жобасының менеджері:
- Қазіргі таңда техниканың дамыған заманы. Бірақ, техникамыз дамығанымен, ол техниканы дамытатын кадрларымыз тапшы. Сондықтан да, бұл жоба аясында сол техникалық мамандықтарды, оның ішінде жұмысшы мамандықтарды қамтып, маңыздылығы түсіндіріледі. Тегін техникалық білім беру жобасы мен мектеп оқушысының арасындағы «Өмірлік таңдау» республикалық жобасы нақты көпірге айналады.
Республикалық әлеуметтік жоба ОҚО және Павлодар облыстарында өткен. Жалпы, елдің 5 өңірін қамтымақ.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ