Қызылордалық студенттер жұмыспен қамтылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық студенттер жұмыспен қамтылады

10.11.2017

Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларының үздік жоғарғы оқу орындарында Қызылорда облысының 452 студенті білім алып жатыр. Олар әкімшілік пен университеттер арасындағы арнайы келісім бойынша ресейлік гранттың есебінен техникалық мамандықтарға тегін түскен. Енді осы жастардың барлығы да оқуын аяқтаған соң жұмыспен қамтылатын болды. Бұл туралы Мәскеу шаһарында қызылордалық студенттермен кездескен осы облыстың әкімі Қырымбек Көшербаев мәлімдеді. Басқосуда Қызылорда облысында ғана емес, бүкіл Қазақстанда болып жатқан өзгерістер, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және жастарды жұмыспен қамту мәселесі жан-жақты талқыланды. 

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

- 2018 жылы оқу бітіретін 76 қыз-жігіттің бәріне біз жұмысқа орналасу туралы ұсыныс айтып отырмыз. Облысымыздың кәсіпорындары 76 инженерді қабылдау туралы өздерінің мүдделілігін жариялады. Және біз Мәскеудегі кездесуде осы жас студенттерге ұсынысымызды айттық.

Нұран Ислам, «Мәскеу болат және қорытпалар институты» ұлттық зерттеу университетінің студенті:

- Мамандығым нанотехнология және микрожүйелік технология. Алдағы уақытта Қызылордада металлургиялық зауыттар ашылғалы жатыр. Өзімді соған сай маман ретінде сезінемін және өзімді сол мамандыққа бейім ұстаймын.  

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу