Астана мектептерінің өз үкіметі, ішкі істер қызметі мен прокуратурасы болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана мектептерінің өз үкіметі, ішкі істер қызметі мен прокуратурасы болады

30.10.2017

Өткен жылы Астанада жасөпірімдер 200-ден астам қылмыс жасаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Сондықтан, қалалық әкімдік пен прокуратура қылмыстың алдын алу үшін күш біріктірмек. Бүгін Бас прокуратура жанындағы құқық қорғау органдарының академиясында қала мектептерінің белсенді оқушыларына арналған арнайы курс басталды.

Биыл қаладағы 19 мектеп пен 6 колледжде жаңа жоба іске қосылды. «Биоэнергетика және синергетика» атты әдіске сай әр мектептің өз үкіметі, ішкі істер қызметі мен прокуратурасы болады. Мысалы, Әбдіқалық №52 мектеп гимназияның прокуроры. Мектептің қабылданған жарғысы бар, оған бағынбаған оқушыларды Әбдіқалық бастаған белсенді топ жөнге салады.

Әбдіқалық Алдақуатов, №52 мектеп-гимназияның оқушысы:

- Менің қарауымда ішкі істер департаменті бар. Егер бір адам тәртіп бұзса, олар өзара шеше алмаса маған келеді. Мен мектептің жарғысына қарап, сол мәселені шешуге тырысамын. Мысалы, бір-екі бала ерегісіп қалды. Оны ішкі істер департаменті шеше алмады да, маған алып келді. Мен оны мектептің жарғысына қарап шештім. Мысалы, бір оқушы кешігіп келсе, ол бір апта бойы жарты сағат бұрын келіп тұрады.

Мұндай методика қазір Семей мен Қостанай қалаларында да тәжірибеге енген. Әзірге нәтижесі туралы айтуға ерте. Дегенмен, әкімдік пен прокуратура бұл бастамаға қолдау көрсетіп отыр. Күзгі демалыс кезінде белсенді оқушыларды жинап, құқықтық сауаттылық пен заңның адам өміріндегі мәні туралы арнайы курс ұйымдастырды.

Феодор Вассарман, «Биоэнергетика және синергетика» технологиясының авторы, педагогика ғылымдарының кандидаты:

- Бұл шара бірінші рет өтіп отыр. Біз мектеп прокурорларын жинап, оқытамыз. Олар мектеп жарғысын жасақтап, оның сақталуын қадағалайды. Бұл әдіс мектептегі тәртіпті сақтауға көп көмек болады. Оқушылар алдағы бірнеше күн құқықтық сауаттылық туралы дәрістер тыңдайды.

Оқушылардың оқу ұзақтығы 5 күн және үш бөлімнен тұрады. Екінші кезек қысқы демалыс кезінде өтсе, көктемде оқушылар «менің мамандығым заңтанушы деген» 5 күндік дәріс алады.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу