Ерлан Сағадиев грант бөлудегі дауға қатысты түсініктеме берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерлан Сағадиев грант бөлудегі дауға қатысты түсініктеме берді

15.08.2017
Ерлан Сағадиев грант бөлудегі дауға қатысты түсініктеме берді

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қоғамдық резонанс тудырған мемлекеттік білім беру гранттарының бөлінуіне қатысты түсініктеме берді. 

«Біз грантты экономиканың басым бағыттары бойынша бөлеміз. Мәселен, есептеу техникасына 610, құқықтануға - 45 грант береміз. Жалпы медицинаға 2,5 мың грант бөлсек, стоматологияға - бар болғаны 45. Мұның барлығы түрлі даму бағдарламаларында бекітілген. Сәйкесінше, жыл сайын жоғары балл жинағандар белгілі бір мамандыққа грантқа түсе алмай қалады, ал төмен балл жинағандар керсінше  гранд иегері атанады», - деді министр бүгінгі Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, бұл мәселе бірінші рет көтеріліп отырған жоқ және жыл сайын бұл процестен тәжірибесі жоқ оқушылар мен ата-аналар өтеді.

«Оның үстіне, қажетті мамандықтар саны өте кеш шығады және талапкер өз мүмкіндіктерін бағамдап үлгермейді. Балаға бейінді пәнін таңдап, сол бойынша дайындалуы үшін уақыт керек. Бұл мәселе бойынша министрлік бірқатар шешімдер ұсынады. Мәселен, мамандықтар бойынша бөлінетін гранттар санын үш жыл бұрын жариялау керек. Мұны үшжылдық бюджет аясында жасауға болады. Бақытжан Әбдірұлы, бұл мәселені биылдан қалдырмай шешу керек», - деді Сағадиев ҚР Премьер-Министріне қаратып айтқан сөзінде.

Сондай-ақ, министр білім беру гранттарын жеңілдікпен беру жөнінде де сөз қозғады.

«Бүгінде «Алтын белгі» бойынша әлеуметтік әділдік мәселесі өткір күйінде тұр. Биылғы гранттар «Алтын белгі» факторынсыз, ҰБТ-да жинаған балл бойынша берілді. Одан кейін республикалық комиссия «Алтын белгі» алған талапкерлер алдындағы міндеттемелерін орындауы үшін шамамен 4% грант қосты. Ондаған жоғары оқу орындары хабарласты. Өткен жылы да «Алтын белгі» иегерлерін ЖОО гранттары бойынша орналастыруға мәжбүр болып едік. Енді биыл заңнамалық өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз», - деп сөзін түйіндеді министр. 

inform.kz 

Хабарламаларға жазылу