Мемлекеттік тіл мерейін асырғандар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік тіл мерейін асырғандар

22.09.2015
Мемлекеттік тіл мерейін асырғандар

Мемлекеттік тілді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының   бел ортасындамыз. Осы аралықта тіл саясаты саласындағы нормативтік құқықтық база жетілдірілді. Бұл бағытта әлі біраз істер атқарылмақ. Бүгін біз мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге барынша қызмет етіп жүрген адамдар туралы әңгімелемекпіз.

Мектепте Ангелинаны білмейтін жан жоқ. Бірінші сыныпты қазақ мектебінен бастаған неміс қызын көргенде  бәрі таңырқаған.  Қазір Ангелина  қазақ тарихы мен тілін меңгеріп алды. Ата-анасы мемлекеттік тіл - болашақтың тілі, деп  қыздарын  қазақшаға арнайы беріпті.           

Ангелина Зодке, Астана қаласы №49 орта мектебінің  8-сынып оқушысы:

Адамда ықылас болса, ол барлығын да үйрене алады. Өзі үйренгісі келсе, ол үйрене алады, қиын болмайды.

Қазақстанға келіп,   қазақ тілін 5 жылда қиналмай үйреніп алған жанның бірі   америкалық  Нейтон Лоулер. Бүгін ол қазақтың «қара домалақ баласымын», деп әзілдейді. Қазақ тарихына әлі де қаныға түссем, дейді.  Қазір  Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде  ағылшын тілі мен тарих пәнінен сабақ беріп жүр. 

Нейтон Лоулер,  Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің  мұғалімі:

Мен дүкенге барғанда сатушыдан сұраймын. Мысалы, «Сүт болады ма?» Сатушы жауап береді: «Молоко есть». Мен: «Қанша тұрады?», десем ол: «Сто тридцать»,-дейді.  Мен: «130 ба?»,-деймін. Мен қазақша сөйлегенде басқа адамдар орысша сөйлейді. Менің ойымша, дұрыс емес. Қазақстанда тұратын адамдар қазақ тілін білуі керек.

Осылай деп ойлайтын Ербол Ізбасаров та әріптестерімен бірлесіп  қазақша клавиатура ойлап тапты. Бірі айфонның қазақша пернетақтасы болса, екіншісі «Windows» пернетақтасы.   Бұл қадамға ол  қажеттіліктен барған.    

Ербол Ізбасаров, идея авторы:

Бағдарлама жасағаннан  кейін айфонға 120 мың адам жүктеп алды. Бұдан бұрын қазақша басуға мүмкіндік болған жоқ. Және бағдарлама тегін.

Тіл үйренемін деушілерге елімізде мүмкіндік мол. Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының бастамасымен ашылған сойле кз онлайн курсы, сойле бала кз курсы және бала кз сайттары үлкенге де кішіге де мемлекеттік тілді меңгеруге көмек болады.

Ал, балаларға арналған «Тәтті алма.кз» сайты балғындарды ана тіліне баулуда таптырмас құрал екені анық.

Азат Шәуеев, Мемлекеттік тілді дамыту президенттік  қорының  директоры:

Әріптер, түрлі санамақтар, ойындар, өлеңдер бар. Әріптің сөйлеуі, ертегілер – соның бәрін тыңдайды.

Тіл түйткілі осындай кейіпкерлердің  нақты қадамдары  арқылы да  шешіле бермек.

Гауһар ТӨЛЕКБАЙ

                                                         

Хабарламаларға жазылу