Оңтүстік Қазақстан облысында 22 мектеп пайдалануға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысында 22 мектеп пайдалануға берілді

01.09.2014
Оңтүстік Қазақстан облысында  22 мектеп пайдалануға берілді

Елімізде әрбір бесінші бала өмірге келетін оңтүстікте Білім күні 22 мектеп пайдалануға берілді. Олардың көпшілігі апатты мектептердің  жанынан тұрғызылған.

Сарыағаш ауданындағы Жаңатұрмыс елді мекенінің тұрғындары биылғы Білім күнін ерекше қуанышпен қарсы алды.  Себебі, ауыл орталығынан үшқабатты жаңа  мектеп пайдалануға берілді.

Бұрын-соңды мұндай ғимаратта білім алып көрмеген оқушылардың да,  ұстаздардың да қуанышында шек жоқ.

Ыңғайластырылған шағын мектепте білім алып келген ауыл балалары енді 300 орынға лайықталған типтік мектепте оқитын болады.

Жанерке Сейітқазы, оқушы: 

Алтын ұя мектебіме сағынышпен оралдым. Менің елім дүниежүзіне танымал болды. Міне, енді заманауи мектепте оқитын болдық. Ұстаздарымыз да, біз де шексіз қуанып отырмыз.

Нұрлан Сламов, мектеп директоры:

Бұрынғы мектебіміз сауыншыларға арналған жатақхана еді. Акт залы, спорт залы мүлдем болған жоқ. Сыныптары тар. Қазіргі жағдай басқаша.

Дәл осындай зәулім ғимарат  Дербісек ауылы орталығынан да бой көтерді. 600 орындық мектеп Білім күнінде пайдалануға берілді.

Өткен жылы маусым айында іргесі қаланған білім ұясында оқушыға керектінің бәрі бар. Осылайша, Білім күні Сарыағаш ауданында жаңадан салынған 6 ғимарат оқушыларға есігін айқара ашты. Мұндай сыйға оқушы, ұстаздармен қатар, ата-аналар да ризашылықтарын білдіруде.   

Атахан Тастанбеков, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны:

Ауыл тұрғындарының, оқушылардың көңіл-күйлері көтеріңкі. Өзіміз қуанып отырмыз. Жаңа ғимараттың салынуына атсалысқан  азаматтарға алғысымызды білдіргіміз келеді. 

Соңғы 5  жылда оңтүстікте 300-ге жуық білім нысаны пайдалануға берілді. Соның арқасында саманнан  салынған мектептердің саны екі есеге азайып отыр.

Десе де, өңірде әлі де  62 мектеп апатты жағдайда, 30-ға жуық білім мекемесінде балалар үш ауысымда оқиды.

 

Гүлмира ОҢЛАСБЕК

Хабарламаларға жазылу