Қызылордада үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешілді

18.07.2014
Қызылордада үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешілді

Қызылордада үш ауысымдық оқу орындарының мәселесі түбегейлі шешілді. Оның түйіні Шиелі ауданында 1200 орындық жаңа мектептің салынуымен тарқатылды.

300 орындық білім ошағында үш ауысыммен оқып келген шиелілік балалар үшін биылғы алғашқы қоңырау сыңғыры еңселі мектепте соғылады.

Гүлжан Қалтайқызы, тілші:

Осыдан елу жыл бұрын салынған бұл мектеп негізінен 320 балаға арналған. Алайда, оқушылар санының көптігіне байланысты мұнда 730 оқушы үш ауысым бойынша оқуға мәжбүр болды.

Құрқылтайдың ұясындай ғана ғимаратта балаларға арналған арнайы асхана болмады. Ал, мектеп ұжымы жоқтан бар жасап, мына залды біресе акт залы ретінде, біресе спорт  зал ретінде пайдаланып келді.

Ескі мектептің тарлығы соншалық сыныпқа сыймағандар дәлізде оқуға мәжбүр болды. Асхананың жоқтығынан бастауыштағылар ыстық тамақтан қағылса, түлектер тестілеуге дайындалатын орын таппай, сергелдеңге түсті. 

Фәтима Қасқабаева, ата-ана:

Біз өте көп қиыншылықтарға кездестік. Мысалы, он бірінші сыныпта оқушылар ҰБТ-ға дайындалған кезде кабинеттер таршылық етіп, ауысатын кабинеттер болмай жатты. Асхана деген бізде мүлде болмады. Осындай мектепте біздің балаларымыз өте қатты қиналды.

Ескі мектеп жанынан 1200 орындық еңселі ғимарат бой көтеріп, көпшілікті алаңдатқан мәселе шешілді. Енді кезек күтіп, ауысым алмастыру деген болмайды.

 Ал, ауданда құлау қаупі төнген үш білім ұясы бар әлі. Жуырда оның біреуін жөндеу жұмыстары басталды. 

Эльмира Тәкен, аудандық Білім бөлімінің басшысы:

Ендігі кезекте 241-мектеп, 21-разъездегі тоғыз жылдық жүз орындық мектеп тұр. Бұл мектептің барлық құжаттары жасалып, облыстық құрылыс басқармасына өткізіліп, қазіргі таңда қаражатына қарап отыр.

Одан бөлек, Телікөл аулында 214-ші мектеп бар, ол жақта де 300 орындық мектептің сметалық құжаттамасына қазіргі таңда қаржы сұраудамыз.

Аймақта қабырғасы қақырап, іргесі сөгілген 21 мектептің 10-ы жаңадан салынуда. Қыркүйекке дейін 7 білім ұясы ашылады. Құрылысы жүріп жатқан қалған оқу ордалары жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу