Физика пәнінен халықаралық олимпиада басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Физика пәнінен халықаралық олимпиада басталды

14.07.2014
Физика пәнінен халықаралық олимпиада басталды

Эйнштейн, Ньютон, Паскаль секілді әлемдік физиктердің ізбасарлары Астанаға жиналды. Бүгін елордада физика пәнінен оқушылардың 45-ші халықаралық олимпиадасы басталды.

Бұл сайыс тек білім саласы үшін маңызды емес, Қазақстанның имиджін асқақтататын халықаралық шара болмақ. Өйткені, олимпиадаға қатысуға 85 мемлекеттің өкілдері келді.

Халықаралық олимпиадада Қазақстан намысын 5 оқушы қорғамақ. Арасында былтыр Даниядағы олимпиадаға қатысқандары да бар. 

Сол жолы Дінмұхаммед Нұрбек қола жүлдені еншілеген еді. Биыл алтыннан үміткер. Өз елінде өтіп жатқан сайыста жүлдесіз қалуға болмайтынын жақсы біледі.

Дінмұхаммед Нұрбек, Қазақстан құрама командасының мүшесі:

Меніңше, осы жылы командамыз үлкен жетістікке жетеді. Өйткені, дайындық мықтырақ болды.

Командалардың ешқайсысы осал емес. Арасында жыл сайын кемі 4-5 алтынды қанжығалайтын Қытай, Корея, Гонконгтың жас физиктері бар.

Әзірге сайыскерлер бір-бірімен етене-жақын араласып кете қоймағанымен, кімнің қауқары қандай екенін сырттай бағамдайды.

Чяйчу Чу,  Қытай құрама командасының мүшесі:

Байқаймын, сіздердің командаларыңыз осал емес сияқты. Бұл сайыста мемлекет көлемінің ауқымды болуы аса маңызды рөл ойнамайды. Ең бастысы, дайындық мықты болуы шарт.

Ең алғашқы олимпиада 1967 жылы Польшада өтті. Оған тек бес мемлекет - Болгария, Венгрия, Польша, Румыния және Чехословакия қатысты.

Ал, Қазақстанда ұйымдастырылған 45-ші олимпиадаға әлемнің 85 елінен 700-ге жуық қатысушы келді.

Астанадағы халықаралық сайыстың басты ерекшелігі де - осы. Өйткені, 45 жыл бойы өткізіліп келе жатқан жарысқа бұрын-соңды мұншалықты көп мемлекет қатыспапты.

Ханс Иоганс, Халықаралық олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің төрағасы:

Олимпиадаға дайындық барысын бастан-аяқ  қадағалауымда ұстадым. Өте тыңғылықты жүргізілді. Ашылу салтанаты керемет ұйымдастырылды. Қатысушылар санының артқанын көріп, қуанып тұрмын.

Олимпиаданың алғашқы сынағы ертең Назарбаев университетінде басталмақ. Жас физиктер алдымен теориялық білімдерін сарапқа салады. Содан кейін тәжірибе жүзінде сынға түседі.

Жеңімпаздардың есімі 20-шілде күні белгілі болады.

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу