Қазақстандықтар - үздіктер қатарында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар - үздіктер қатарында

28.06.2014
Қазақстандықтар - үздіктер қатарында
40 мыңға тарта студент оқитын М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университеті, әлемдегі іргелі оқу орындарының бірі. Биыл бұл білім ордасын 6500 түлек бітіріп шықты.
 
Осы жастардың бірсыпырасын, биыл университет басшылығы арнайы қабылдап, кездесу өткізді. Ресейдің №1-ші жоғары оқу орнын абыроймен аяқтағандардың арасында Қазақстаннан барған жастар да бар.
 
Мәскеу мемлекеттік университетінде әлемнің 80-ге тарта елінен келген жастар оқиды. Осы жан-жақтан жиылған студенттердің ішінен, биыл қызыл диплом алғандары, ректормен арнайы кездесу құрметіне ие болды. Сондай жанның бірі - ақтаулық Әсел Баяндиева. Жерлесіміз «Болашақ» бағдарламасының арқасында, 4 жыл бойы білім алды.
 
Әсел Баяндиева, М.В. Ломоносов атындағы ММУ түлегі:
Менің мамандығым геолог-барлаушы. Қазіргі кезде Қазақстанда мұнай кеніштері зерттеліп жатыр. Сондықтан көптеген жұмыс орындары бар деп ойлаймын. Сол себепті, мен Қазақстанға барып, болашақта өз мамандығыммен жұмыс жасаймын.
 
Биыл бұл университетті 500 шетелдік студент тәмамдады. Олардың 10 пайызы оқуды 5-ке аяқтап отыр. Осы түлектермен кездесуге, Ресейдегі шет мемлекеттердің елшілері де қатысты. Емен-жарқын әңгіме барысында университет басшылығы мен дипломаттар, жастарға ақ жол тіледі.
 
Виктор Садовничий, М.В. Ломоносов атындағы ММУ ректоры:
Оқу орнындағы шетелдік жастардың саны 6 мыңнан асады. Олардың жартысына жуығы Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан сынды елдердегі бөлімшелерде білім алуда. Біз оларға әлемдік деңгейдегі жоғарғы білім беріп жатырмыз. Алдағы уақытта университет негізінде ғылыми-технологиялық орталық салынады. Осы және өзге де шаралар бізде оқығысы келетін студенттердің санын арттыруы тиіс.
 
Марат Тәжин, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі:
Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда, сіздер барлық дүние адамның білімі мен кәсіби деңгейіне байланысты шешілетін заманға аяқ басып отырсыздар. Бұл күндері білім мен ғылымда шекара жоқ. Дегенмен, әрбір ұлттық білім жүйесінің өз ерекшелігі бар. Сіздердің бір артықшылықтарыңыз Мәскеу Мемлекеттік университеті сынды оқу орнында бәсекеге қабілетті білім алдыңыздар.
 
М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің шетелдегі алғашқы бөлімшесі, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, Қазақстанда 2000 жылы ашылған. Сол уақыттан бері, Астанадағы филиалды бітірген түлектердің саны, биыл мыңға жеткелі отыр.
 
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
 

Хабарламаларға жазылу