«Арыстан» лицейі түлектерін шығарып салды

11.06.2014
 «Арыстан» лицейі түлектерін шығарып салды
«Арыстан» мамандандырылған лицейінде де бүгін үлкен мереке. Темірдей тәртіпке шыңдап, сапалы білімге баулитын оқу орнын  биыл 80 түлек тәмамдап отыр.
 
Сарбаздар лицейдің абыройын асырып, биылғы тестілеуде жоғары нәтиже көрсетті. Әскери өмірді таңдаған «арыстандықтарды» лицей ұжымы бүгін салтанатпен шығарып салды.
 
Сан бар жерде ешқашан шатаспайсың. Бұл - математиканы жаны сүйетін Шыңғыс Қуанышбектің өмірлік ұстанымы.
 
Астаналық бозбала дәйектен гөрі дәлдікті, тәртіпті сүйеді. Мұндай қасиет оның бойына осы «Арыстанда» қалыптасқан. Таудай талабымен кешегі кешенді сынақта 107 балл алды.
 
Қалаған ЖОО-на түсіп, келешекте шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етсем, деген арманы бар.
 
Шыңғыс Қуанышбек, лицей түлегі:
Егер адам әскери тәртіппен өмір сүрсе, өмірі өзгеше болады. Болашақта өмірімді осы салаға арнаймын.
 
Қайрат Жақыпбеков, ата-ана:
Баламыздың есейгені көзге көрініп тұр. Кең байтақ, атадан балаға мирас болып қалған жердің иесі, келешекте қорғаны - осылар. Осыларға үміт артамыз. Адамгершілік қасиетке, өте жақсы тәрбиелеп, білім бергеніне өте қуаныштымыз. 
 
Салтанатты шара лицей туының 9-сынып шәкірттеріне табысталуымен ашылды. Оқу орны басшысы Сәбит Тауланов жыл қорытындысын шығарып, биылғы түлектердің табысына тоқталды.
 
Айтуынша, былтырғы түлектер ҰБТ-дан 92 балл жинапты. Биылғылар ұстаздарының үміт үдесінен шығып, орташа есеппен 99 ұпай алды.
 
80 түлектің 49-ы 100-ден жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Оқуда озат, болашақ ел қорғаны болар шымыр жігіттерді арнайы келген ҚР Қорғаныс министрі де құттықтады.
 
Серік Ахметов, ҚР Қорғаныс министрі:
Құрметті түлектер! Оқуды сәтті аяқтауларыңызбен құттықтаймын. Оқуда да, өмірде де үлкен жетістіктерге жетіп, ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың еңбегін ақтайды, деген сенімдемін. Баршаңызға табыс тілеймін.
 
Шара аясында түлектер лицей қабырғасында алған өнерлерін, саптағы әскери даярлықтарын көрсетті. Білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына ризашылықтарын білдіріп, қоштасу вальсін биледі.
 
Жас түлектердің үмітке толы армандарын ақ көгершіндер биікке әуелетті. 
 
Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу