Қазақстанда Мелик Дуярдың орталығы ашылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда Мелик Дуярдың орталығы ашылмақ

25.04.2014
Қазақстанда Мелик Дуярдың орталығы ашылмақ
Әлемге «калькулятор адам» ретінде танымал түркиялық Мелик Дуяр өз ізбасарларын Қазақстанда да дайындамақшы. Аты дүниежүзілік Гиннестің рекордтар кітабына енген ғалым ментальдық арифметика жүйесі бойынша 5 және 12 жас арасындағы балаларды есепке жүйрік қылып, есте сақтау қабілетін арттыра алады.
  
 Біздің елде де мұндай жүйе енгізілген. Алайда, Мелик Дуярдың жобасы арқылы оқушы сабақтан кейін де онлайн жүйемен қабілетін шынықтыра алады.
  
 Ментальдық арифметика - математиканың бір саласы. Есепті ойда жүйрік шығаруға үйрететін ғылым түрі. Рекордшы Мелик Дуяр бұл жүйені Түркияға 90-шы жылдардың басында енгізген. «Сандарды бір біріне тез қосып, нәтижесін 2-3 секундта шығару үшін баланың вундеркинд болуы міндетті емес»,- дейді ол.
 
Мелик Дуяр, Гиннес рекордшысы:
Адам миының мүмкіндігі орасан. Тек оны тиімді пайдалана білу қажет. 12-13 жасқа дейін мидың екі бөлігі де бірдей жұмыс істейді. Ал, бұл жастан соң мидың жиі қолданған бөлігі ғана көбірек қызмет атқарады. Қос тарапты да жұмыс істетуге ментальдық арифметика септігін тигізеді. Алайда,  кезкелген жаста бұл ілімді игеріп кету қиынға соғады. Негізгі талап - 5 пен 12 жас аралығы. Дәл осы жаста бала ақпаратты тез қабылдай алады.
  
 Анкарадағы бұл орталықта Далила есімді қазақ қызы білім алып жатыр. «Ментальдық арифметиканы кез келген ұлт өкілдері меңгере алады», дейді ғалымдар. Сандарды есептеуде әр бала өз әдісін қоланады. Бірі саусақтарын үстел бетіне тигізсе, енді біреулері тигізбей-ақ есте сақтайды.
 
Шебнем Түркче, мұғалім:
Бізге бала ең бастысы - санды білсе болғаны. Ментальдық арифметиканы үйренудің еш қиындығы жоқ. Алдымен олар бір таңбалы сандарды қосады, кейін екі, үш және төрт таңбалалырға көшеді. Қосу мен алу курсы аяқталған соң, көбейтуді, бөлуді бастайды. Барлық курс екі жыл ішінде бітеді. Бұл жүйе тек баланың есепке жүйріктігін арттырып қана қоймай, басқа да пәндерден үлгерімін жақсартады.
  
 2013 жылдың қыркүйек айында Мелик Дуярдың орталығын Қазақстанда ашу туралы шешім қабылданды. Ғалым біздің елдің тарапымен келісімшартқа қол қойды.
  
 Енді аты әлемнің рекордтар кітабы Гиннесқа енген тұлғаның ізбасарлары біздің елде де тәрбиеленеді.
 
Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу