Дуалды білім берудің ұлттық жүйесі қалыптасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дуалды білім берудің ұлттық жүйесі қалыптасады

04.02.2014
Дуалды білім берудің ұлттық жүйесі қалыптасады
Алдағы 2-3 жылда дуалды техникалық-кәсіптік білім берудегі ұлттық жүйенің өзегін қалыптастыру керек. Бұл туралы кезекті Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді. Дуалды оқыту білімі мен біліктілігі жоғары мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
 
Оқу процесіне осы әдісті енгізген оқу орнының бірі - Орал Мұнай-газ және салалық технологиялар колледжі. Оқушыларды өндірістік тәжірибемен қамту бағытында оқу ошағы облыстың бірнеше кәсіпорнымен келісімшартқа да отырған.
 
Қазіргі техникалық және кәсіптік білім беру саласының алдында тұрған басты міндет - оқуын тәмамдаған түлектердің талапқа сай жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету. Бұл білім сапасын арттыру арқылы мүмкін болмақшы. Оқытуда теория мен тәжірибені ұштастырған дуалды оқыту - осы бағыттағы тиімді жүйе.
 
Серік Мұхамедалиев, Орал мұнай-газ және салалық технологиялар колледжінің директоры:
Оқытушыларымыз да Германия елінде дуалдық жүйе бойынша тәлімгерліктен өтіп келді. Осы дуалдық жүйені бұдан әрі дамыту - біздің ұжымның алға қойған мақсаты. Елбасы Жолдауы бұған өзінің үлкен септігін тигізіп отыр.
 
Оқу орнында электрмен қамтамасыз ету, мұнай-газ саласы және мал дәрігері мамандықтарын меңгеріп жатқан жастар дуалдық оқумен қамтылған. Бұл үшін колледжде екі зертхана құрылып, өңірдің 30-дан астам өндіріс орнымен келісімшарт жасалған.
 
Әбілхайыр Шалабаев, студент:
Біз осы зертханада практикалық жұмысымызды өтіп жатырмыз. Ал қалған білімімізді мекеме орнында тәжірибе жүзінде жалғастырамыз.
 
Темірлан Есқайыров, студент:
Тәжірибе жұмыстарында электр құрылғыларымен жұмыс істеуге және басқа да өзіміздің мамандығымыз бойынша қажетті нәрселерге үйретеді. Қалалық қосалқы станциялар мен бірнеше компанияларда өндірістік-технологиялық тәжірибелерден өтуге мүмкіндік бар.
 
Қазіргі кезде облыстың 7 колледжінде 2 мыңға тарта оқушы дуалды оқумен қамтылған. Биылғы жылы жаңашыл жүйені енгізген кәсіптік оқу орындары қатары 15-ке жетпекші. Еуропа мемлекеттерінде кең тараған бұл әдістің енді елімізде де қолданыс аясы арта түспек. Елбасы алдағы 2-3 жылда дуалды техникалық-кәсіби білім берудегі ұлттық жүйенің өзегін қалыптастыру керектігін атап өтті.
 
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу