Денис Тенді тапсырыспен өлтіруі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денис Тенді тапсырыспен өлтіруі мүмкін

25.12.2018

Бүгін Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің өліміне қатысты сот отырысының алдын ала тыңдалымында жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрлан Өстеміров осылай деп мәлімдеді. Ол судьядан істі қосымша тергеуге жіберуді сұрады. Ал, айыпталушы тараптың қорғаушылары мұнымен келіспейді. Судья белгілі спортшының өліміне қатысты іс қайта тергелмейтіндігін жеткізді. 38-томнан тұратын қылмыстық іс Президенттің тікелей бақылауында. Себебі, айна ұрлығының соңы осындай өкінішпен аяқталғандығы қоғамды алаңдатқан еді.

Әсем Қабылбек, тілші:  

- Алматыдағы қалалық ауданаралық мамандандырылған сот ғимаратында Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің өліміне қатысты сотқа дейінгі тыңдалым өтті. Оған марқұмның жақындары мен оның өліміне себепші болған күдіктілер қатысты. 3 адам айыпталып отыр. Олар: Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов және Жанар Толыбаева.

Сотта айыпталушы Жанар Толыбаеваның жүкті екендігі мәлім болды. Оның құрсағындағы сәби 6 айлық. 23 жастағы келіншектің бұдан өзге 4 жастағы баласы бар. Ал, жәбірленуші тарап тергеу ісін қайта жүргізуді талап етіп отыр. Олардың пайымынша, қылмыс тапсырыспен жасалуы мүмкін.

Нұрлан Өстеміров, жәбірленуші тараптың адвокаты:

- Тергеу ісінде қарама-қайшылыққа толы 14 дерек таптық. Мәселен, Қиясов қалай артында келе жатқан адамды пышақтайды. Денис төбелесіп жатқанда қалай артынан ұрады. Мұны кәсіби адам істеген. Сондықтан, бұл деректер тапсырыспен болғанын айғақтайды. Пышақты сұққаннан кейін бұраған. Оксана Алексеевна видеодан біреудің қашып бара жатқанын көргенін айтты. Демек, сол кезде басқа біреу болған. Әуелі Құдайбергенов пышақтадым дейді. Одан соң Қиясов. Қайшылық өте көп.

Дегенмен, бүгінгі сот отырысында судья Кеңшілік Әбділдинов қайғылы оқиғаға қатысты істің қайта қаралмайтындығын айтты. Жалпы, қылмыстық іс 38-томнан тұрады.

Естеріңізге салсақ, 19 шілдеде Денис Тенді белгісіз біреулер пышақтап кеткен еді. Спортшы ауыр жарақаттан ауруханада қайтыс болды. Ұрылар атлет мінген көліктің әйнегін шешіп алған. 

Алматыда автокөлік әйнектерінің ұрлығы әлі де тыйылар емес. Қалалық Ішкі істер департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері автокөлік және оның бөлшектеріне қатысты ұрлық бойынша 350 оқиға тіркелген.

Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД ресми өкілі:

- Өткен жылмен салыстырғанда көліктің әйнектерін ұрлау деректері 2,5 есеге кеміп отыр. Десе де, бұл әлі де көп кездесетін қылмыстың түрі болып қалуда. Сондықтан, осы қылмыстың түрін жоққа шығару үшін, жұмыс атқарылуы тиіс. Азаматтардың да тарапынан сақтық шаралары өте қажет.

Сондықтан, мамандар мереке қарсаңында қала тұрғындарын барынша сақ болуға шақырып отыр. Әсіресе, көлік ішінде бағалы заттарды қалдырмау керектігін ескертеді. Айта кетейік, автоұрыларды ұстаймын деп қаза тапқан Денис Теннің өліміне қатысты келесі сот отырысы 2019 жылдың 3 қаңтарында өтеді. Сол сот мәжілісіне өзге де куәгерлер қатысады.

Әсем ҚАБЫЛБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу