Қоғам белсенділері: Денис Теннің қазасының артында ашылмаған қылмыстар көп

20.07.2018

Денис Тенге пышақ сілтеген күдікті қолға түскенмен, қоғам көкейінде бәрібір көп сұрақ қалды. Қаруды нақты адам ұстағанмен, оны ұстатуға мәжбүр еткен не? Сауалдың негізгісі осы болып тұр.

Әміржан Қосанов, қоғам белсендісі:

- Бұл оқиғаның артында ашылмаған қылмыстар көп. Әлеуметтік жағдай төмендегеннен кейін ұрлық-қарлық, қылмыс көбейіп кетті. Сондайдың құрбаны болып отыр. Олар қалаға келеді, машина аңдиды. Ұрланған затты сатып, нәпақа көреді. Соны жою керек. Ұрланған заттарды сататын дүкендерді құрту керек. Әлеуметтік проблема тұр. Денисті өлтірейін деп барған жоқ қой, кез келген машинаға баруы мүмкін еді.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл жалғыз Денис Теннің проблемасы емес. Бұл кез келген қалада, кез келген адамның басында болуы мүмкін. Бұл тағы да айтамын, үмітсіздік, әділетсіздік, жұмыссыздық, білімсіздік. Жастар неліктен қылмысқа барып жатыр. Өз еріктерімен барып жатыр ма? Жарайды, олар білімсіз, мәдениетсіз, адамгершіліктен ада. Көріп отырмыз. Бірақ, олардың өз еңбегімен күн көретін жағдай болса, олар бас тарта ма?! Сенбеймін. Жастарға білім беру, жұмыспен қамтамасыз ету керек. Бұл қылмыстың артында үлкен проблема тұр.

Дархан Әбдік, журналист:

- Осындай жағдайда қоғамда еленбей қалатын оқиғалар қаншама. Өмірден белгілі тұлға өткенде ғана біз өзімізге сұрақ қоямыз. Мұның төркіні криминализация. Өмір құнсызданып кетеді. Қоғамдағы рухани құндылықтардың жасанды емес, шынайы болуы маңызды. Адам өмірі құнсызданбау керек.

 

Маралбек САҒЫНҒАНОВ

Хабарламаларға жазылу