Мейірім Нұрсұлтанов АҚШ-та қарсыласын уақытынан бұрын жеңді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мейірім Нұрсұлтанов АҚШ-та қарсыласын уақытынан бұрын жеңді

05.08.2018

Бокстан орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов доминикандық Джонатан Батистаны техникалық нокаутпен жеңді.

Аталған кездесу Атлантик-Ситиде (АҚШ, Нью-Джерси штаты) өткен жартылай орта салмақ дәрежесі бойынша WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы ресейлік Сергей Ковалев пен колумбиялық Элейдер Альварес жекпе-жегі шеңберінде өтті.

 

Аталған жекпе-жек сегіз раундқа есептелгенімен, доминикандық боксшы үшінші раундта кездесуді жалғастырудан бас тартты. Жалпы, екінші раундта отандасымыз қарсыласын нокдаунға жіберген болатын. Ал, гонгтан соң боксерлер жанжалға көшіп, боксшылар біршама уақыт өз бұрыштарына қайтпады.

Енді 25 жастағы Нұрсұлтановтың еншісінде 8 кездесу және 8 жеңіс. Айта кетерлігі, олардың алтауы уақытысынан бұрын аяқталған. Қазақстандық былғары қолғап шебері үшін бұл АҚШ-та өткен жетінші жекпе-жек.

 

Өз кезегінде, 33 жастағы Батиста жалпы 33 рет жеңіліс тауып, 17 рет жеңіс тойлаған. 2015 жылдың шілде айында ол жекпе-жектің алғашқы раундында-ақ Қанат Исламға есе жіберген еді.  

Айта кетейік, Ковалев – Альварес андеркартында тағы бір қазақстандық боксшы Мадияр Әшкеев өнер көрсетті. Ол да қарсыласын эквадорлық Эдуардо Флоресті төртінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.

 

Бокс кешін «QAZSPORT» арнасы тікелей эфирде көрсетті.  
 

Хабарламаларға жазылу