Геннадий Головкин: Мен бұл оқиғаны ұзақ күттім (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Геннадий Головкин: Мен бұл оқиғаны ұзақ күттім (ВИДЕО)

19.03.2017

Отандасымыз Геннадий Головкин америкалық Дэниел Джейкобсқа қарсы өткізген жекпе-жекте жеңіске жетті. Қолғап түйістірген боксшылар арасындағы жұдырықтасу 12 раундқа созылып, қазылар алқасының шешімі бойынша қазақстандық боксшының жеңісімен аяқталды.

Геннадий Головкин WBC, WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы титулдарын қорғап қалды. Отандасымыз иелік ететін IBF тұжырымы бойынша чемпиондық титул Джейкобстың  таңғы салмақ өлшеуден бас тартуына байланысты сарапқа салынбады.

«Джейкобс өте кәсіби жұдырықтасады. Үшінші раундтан кейін мен әрекеттерімді ширата түсу керек екенін түсіндім. Әрине, мен Джейкобстың командасына құрметпен қараймын. Бұл - менің 12 раундқа созылған алғашқы жекпе-жегім. Егер, менің жанкүйерлерім толық ойын және нағыз шоу көргілері келсе, мен соңына дейін созуға дайынмын.

Мен әрқашан кәсібилікті қолдаймын және бұл оқиғаны ұзақ күттім. Егер Дэниельге реванш қажет болса, мен келісім беремін», деді Головкин кездесуден кейінгі берген сұхбатында.

Бұл жұдырықтасу Геннадий Головкиннің кәсіби рингтегі 37-ші жекпе-жегі болды. Ол 37 жұдырықтасуының біреуінде де жеңіліп көрмеген және 33-ін нокаутпен аяқтаған.

Кездесудің қайталауын бүгін 21:00-де «Қазақстан» арнасынан көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу