Бүгін - Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің туған күні

16.11.2016
Бүгін - Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің туған күні

Бүгін - бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиевтің туған күні. Қазақстандық боксшы 1983 жылы Қарағанды облысындағы Абай қаласында дүниеге келген.

Серік Жұманғалиұлы Сәпиев - боксшы, Олимпиада чемпионы, Халықаралық спорт шебері, Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері, Парасат орденінің кавалері (2008 жыл), Отан орденінің иегері (2012), қазақстандық ең танымал боксшылардың бірі, 2014 жылдың қарашасынан бастап «Astana Arlans» командасының бас директоры.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің Дене шынықтыру және спорт, экономика факультеттерін бітірген.

2012 жылы «Халықтың сүйіктісі» республикалық қоғамдық премиясының иегері.

2013 жылдың 23 тамызынан бастап ЮНЕСКО-ның ерікті елшісі.

Болашақ әлем чемпионы бокспен 11 жасынан айналысып келеді. Өзі туып-өскен Қарағандының іргесіндегі Абай қаласында ол Александр Стрельниковтың тәрбиесін көрді. Жас талапкер білікті бапкерге бірден ұнады. Өйткені, боксқа деген бейімділік оның қанында бар. Серіктің немере ағасы Бақтай да кезінде еліміздің қабырғалы боксшыларының бірі болған. 

«Серік менің алдыма келгенде 11 жаста еді. Өзі нәзіктеу, тұйық болатын. Бірақ, көзіне қарап-ақ тегін бала еместігін аңғардым. Жанарында бір ұшқын бар. Уақыт оза байқасам, өнері аздап ағасына келіңкірейді. Бақтай да техникалық арсеналы өте бай, жылдам боксшы болатын. Сондай қасиеттер Серіктің де бойынан табылды. Сол кезде мен бұл жігіттің шабысы ширақ болатынын байқадым,» – дейді бапкері Александр Стрельников.

strelnikov

Бір жылдай Стрельников бапкерден тәлім алған Серік әкесінің ақылымен Қарағандыдағы Ә.Молдағұлова атындағы дарынды балаларға арналған спорт интернатында, білікті бапкер Сайын Аратаевтың қол астында үш жыл өткізеді. Интернатта үш жыл өткізген кейін Абай қаласына, алғашқы бапкері Александр Стрельниковке қайтып келеді.

2004 жылы қарағандылық боксшы әскерилер арасында Әлем чемпионы атанып, өзінің алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізді. Сол маусымда ол 60 келі салмақ дәрежесі бойынша Қазақстан чемпионы атанды. Осы табыстар талантты боксшыны қанаттандырып жіберсе керек, енді ол қарсыластарын қуып жүріп сабайтындай деңгейге жетті. 2005 жылы Серік Сәпиевтің жұлдызы жарқырай жанды. Ол 64 келі салмаққа ауысып, Қытайдың Миньян қаласында өткен Әлем чемпионатында ел намысын қорғады.

Сол жылы Сәпиев Әлем кубогы бәсекесінде де теңдессіз өнерімен тамсандырды. Мәс­кеуде өткен додада Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте үшінші орын алғанымен, Серік бірде-бір жекпе-жегінде жеңілістің дәмін татқан жоқ. Бірінші кездесуінде ол 10 секундтың ішінде Африка боксшысын нокаутқа түсірсе, жартылай финалда кубалық Йорданис Эрнандесті 46:35 есебімен еңсерді. Міне, содан бергі екі жылдан астам уақыт аралығында Серік ресми жарыстарда тек жеңіске жетті.

2005 жыл Серік Алматыда өткен оқу-жаттығу жиынында сол қо­лынан жарақат алған бола­тын. Бірақ, бұл жарақаты жа­йында бапкерінен басқа ешкімге тіс жарған жоқ. Ал, Әлем чемпионатында қазақтың намы­сын қорғау Серіктің байырғы арман еді. Жарақаты жанына батса да қандасымыз намысқа тырысты. Айтулы жарыста сло­вак Тибор Главацкиді (37:13), америкалық Карл Даганды (37:26), украиналық Николай Семенягуды (27:15), әзірбайжан Эмиль Магеррамовты (41:23) және өзбек Ділшот Махмутовты (40:21) жеңіп, бас жүлдені олжалады.

2007 жылғы Әлем чемпионатында Серік мінсіз өнер көрсетті. Тырнақалды кездесуде Милан Пипескиді 26:6 есебімен ұтты. Одан кейінгі үш айқасты мерзімінен бұрын аяқтады. Никарагуалық Мендоза Мендес, канадалық Кевин Бизер, ирандық Мұртаз Сепахванд, жапондық Масатусид Каваши қандасымызға еш қарсылық көрсете алған жоқ. Серік оларды арбап та, алдап та ұрып, жігерлерін құм етті. Ал, финалда Геннадий Ковалевты 20:5 есебімен еркін еңсерді. Мамандар бұл жолы қазақстандық боксшысының атына көптеген жылы пікірлер айтты. Сөйтіп, алыстағы АҚШ елінде алтын медальді жеңіп алған Серіктің есімі спорттық шежіресінде екі мәрте Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық боксшы ретінде тіркелді.

Серік Сәпиев Бейжің Олимпиадасына соңғы өткен әуесқой бокстан Әлем чемпионатының жеңімпазы ретінде өнер көрсетті. Қазақстанның алтын медальдан үмітті ең басты спортшысы Серік Сәпиевтің бұл Олимпиада ойындарында жолы болмады. Әлем чемпионатында топ жарған Серік 1/16 кезеңіне қатыспай, шаршы алаңда өнер көрсетуін бірден 1/8 бастады. Алғашқы қарсыласы венесуэлалық Джонни Санчесті 22:3 есебімен тізе бүктіреді. Келесі кезеңде 2004 жылғы Афина Олимпиадасының жеңімпазы таиландтық Манус Бунджумнонг қарсы өткізді. Қарсыластарын әдетте оңай жеңетін Серік Сәпиев Манус Бунджумнонгтан айласын асыра алмады. 

Италияның Милан қаласында өткен Әлем чемпионатында Серік Сәпиев жартылай финалға дейін қарсыластарын оңай жеңді десе болады. Габондық Уго Миеникуені, әзірбайжандық Емил Махаррамовты айқын басымдықпен тізе бүктірді. Серіктің 1/8 финалда украиндық Тарас Шелестюкке қарсы өткізген ойыны сәл қиындық туғызды. Бірінші раундта сауатты қарсы шабуылдаған Тарас Шелестюк 2:5 есебімен жеңеді, алайда, қалған раундтарда Серік ойын қарқынын үдете түсіп, Тарас Шелестюкті жойқын соққылардың астына алады. Сөйтіп, Серік екінші раундты 9:4 есебімен, ал, үшінші раундты 5:4 есебімен жеңеді. Келесі қарсыласы қырғыз елінің өкілі Абадулла Баймұратовтың секунданты екінші раундта-ақ ойыннан бас тартады. Жартылай финалда ресейлік Андрей Замковойға 10:16 есебімен жеңіліп қалады. Қазақ боксының соңғы жылдардағы жарқын жұлдыздарының бірі - Серік Сәпиев үшінші рет әлем чемпионы атағынан осылайша қол үзеді.

«Мен қатты жеңіске жеткім келді, кей тұстары асығыстық таныттым, оңай соққыларды көп жіберіп алдым. Әдетте бір-екі соққы жіберіп алсам, келесі жолы сол соққылардан қалай қорғану керек екендігін тез ұғатынмын. Бұл чемпионатта өкінішке орай бұлай болған жоқ. Бейне бір гипнозда жүргендей болдым», - деп, өз жеңілісін осылайша түсіндірді.

seriksapievlondon2012

Бакуда өткен бокстан Әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған Серік Сәпиев Лондон Олимпиадасына жолдама алады. AIBA рейтингісінде өз салмақ дәрежесінде жоғары орында тұруына байланысты, Серік Олимпиада ойындарын 1-айналымнан емес, 2-айналымнан бастады. 3 тамыз күні 2-айналымда жапондық Ясухиро Сузуки 25:11 есебімен оңай жеңіп, ширек финалға жолдама алады. Ширек финалда венесэуалалық Габриэль Маэстре Перезпен кездесіп, 20:9 есебімен айтарлықтай оңай жеңіске жетті. Жартылай финалда Серік Миланда өткен бокстан Әлем чемпионатында жеңіліп қалған ресейлік Андрей Замковоймен кездесіп, осы жолы қарсыласынан айласын асыра білді. 2012 жылдың 14 тамызында финалда шаршы алаң иесі Фредди Эвансқа жолыққан Серік, қарсыласын 17:9 есебімен тізе бүктірді. Серік бұл жеңіске қол жеткізу үшін 17 жыл аянбай тер төкті. Қазақстан боксының ғана емес, әлем боксының жарық жұлдызына айналып үлгерген Серік Сәпиев Олимпиаданың ең үздік боксшысы атанып, Баркер кубогына ие болды.

Хабарламаларға жазылу