Хоккейден Қазақстан жастар құрамасы топ-дивизиондағы орнын сақтап қалды (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Хоккейден Қазақстан жастар құрамасы топ-дивизиондағы орнын сақтап қалды (ВИДЕО)

05.01.2019

Хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар Әлем чемпионатында Қазақстан жастар құрамасы топ-дивизиондағы орнын сақтап қалды. Олар Әлем чемпионатының жұбаныш кезеңіндегі екінші кездесуінде Дания құрамасын 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Аталмыш кездесу Канаданың Ванкувер қаласында өтті.

Екі күн бұрын Қазақстан құрамасы аталмыш қарсыласын 4:3 есебімен тізе бүктірген еді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан жастары бұған дейін «В» тобында сынға түсті.  Топтық кезеңде құрама барлық кездесуінде қарсыластарына есе жіберді. Алдымен Финляндиядан 0:5 есебімен жеңілсе, одан кейін  АҚШ-тан 2:8 есебімен ұтылып қалды.  Жастарымыз үшінші кездесуде Словакиядан 2:11 есебімен ұтылып, соңғы ойында Швецияға 1:4 есебімен жол берді.

Әлем чемпионатында Қазақстан жастар құрамасы сапында қақпада Демид Еремеев, Денис Каратаев, Владислав Нурек, қорғаныста Самат Данияр, Валерий Орехов, Евгений Шинкарецкий, Ернар Мұсабаев, Ярослав Хрипков, Артем Королев, Давид Мұратов, шабуылда Данияр Саян, Артур Гатиятов, Давыд Макуцкий, Иван Верещагин, Айдос Жорабек, Батырлан Мұратов, Олег Бойко, Диас Гусейнов, Максим Мусоров, Андрей Буяльский, Руслан Дёмин, Дмитрий Митенков, Данил Третьяковский ойнады. Олар «Снежные барсы», «Алтай-Торпедо», «Теміртау» және «Алтай» командаларының ойыншылары.

Еліміздің 20 жасқа дейінгі жастар құрамасы Әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді.

Қазақстандық жанкүйерлерге хоккейден Жастар Әлем чемпионатын «Qazsport» телернасы көрсетті.  

Хабарламаларға жазылу