«Астана» футбол клубы УЕФА рейтингісінде 59-орында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана» футбол клубы УЕФА рейтингісінде 59-орында

04.10.2018

«Астана» футбол клубы тарихи жетістікке қол жеткізді. Еуропа футбол қауымдастығы одағы жариялаған рейтингіде елордалық клуб 59-орынға көтерілді.Әлемнің азулы командаларын артта қалдырған Астананың соңғы 5-ші маусымдағы ойынын УЕФА жоғары бағалап отыр. Ал, бүгін елордалық клуб Еуропа лигасының топтық кезеңінде өз алаңында Францияның «Ренн» командасын қабылдайды. Сарапшылар ойынды тартысты өтеді деп болжап отыр. 1 ғасырдан астам тарихы бар француз командасы, жас та болса, тәжірибелі «Астананың» жойқын соққыларына төтеп бере ала ма?

«Астана» футбол клубы мұндай жоғары жетістікке жеткен ел тарихындағы алғашқы команда. УЕФА рейтингісін 402-орыннан бастады. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңіне қатарынан 4 рет өту арқылы әлемнің атақты командаларын басып озып, 59-орынға жайғасты.

УЕФА рейтингісінде «Астанадан» 3 саты төмен 2016 жылы ағылшындардың чемпионы болған «Лестер Сити» командасы тұр. 64-те түріктің әлемге танымал «Галатасарай» командасы. Ал, Италияның бірнеше дүркін чемпионы, әлем бойынша халықаралық кубоктарды ең көп жеңген «Милан» командасы 83-орында келеді. Ал, алматылық «Қайратты» УЕФА 193-орынға жайғастырды.  Рейтингінің 282-ден бастап 286-ға дейінгі орындарын «Тобыл», «Ертіс», «Ордабасы», «Ақтөбе» және қарағандылық «Шахтер» командалары иеленді.

Асқар Хамиден, «Астана» футбол клубы баспасөз бөлімінің қызметкері:

- Біз озып кеткен командалар «Астанаға» қараған кезде тарихы өте бай. Біздің құрылғанымызға 9 жыл болғанына қарамастан, осындай нәтиже көрсетіп отырмыз. Ал, біздің алдымыздағы командалар топ чемпионаттарда өнер көрсеткендіктен, Чемпиондар лигасы мен УЕФА лигасының зонасына түсу қиындау, бәсекелестік өте жоғары. Дегенмен, сондай жетістікке жету соңғы жылдардағы ең үздік нәтижелердің бірі деп айтуға болады.

Ал, бүгін «Астана Арена» стадионында Еуропа лигасы топтық кезеңінің 2-ші турында «Астана» Франциялық «Ренн» командасын қабылдайды. Француздық клубтың 117 жылдық тарихы һәм тәжірибесі бар. Аты әлемге танылған Мбайе Ньянг, Хатем Бен Афра сияқты футболшылар қазақ жерінде алғаш рет доп тебеді.

Матчты тамашлауға 25 мың жанкүйер келеді деп күтілуде. Оларды тасымалдау үшін арнайы автобустар қатынайды. Еуропада ел намысын қорғайтын спортшылардың теңбіл доп додасында жеңіске жететіне жанкүйерлер мен барша қазақ халқы үмітті. Ендеше «Астананың» жігіттеріне сәттілік тілейік.

 

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу