Әлемдегі футбол жанкүйерлері күткен тарихи күн жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдегі футбол жанкүйерлері күткен тарихи күн жетті

14.06.2018

Ұлттық арнаның жаңалықтар бағдарламасы аяқтала сала, футболдан Әлем чемпионатының ашылу салтанаты мен біріншіліктің алғашқы ойынын «Qazaqstan» мен «Qazsport» арналары тікелей эфирден көрсетеді. Қазір бүкіл әлемнің назары Ресей астанасына ауып отыр. Жаһандық сайысты теледидардан тамашалайтын милиондаған жанкүйерлерден бөлек, мыңдаған футбол фанаты Ресейдің 11 қаласына арнайы келді. Әріптесім Нұртас Солтанұлы чемпионат қарсаңындағы Мәскеудегі мерекелік көңіл-күй мен ашылу салтанатының қалай өтетінін баяндайды.

Әлемдегі футбол жанкүйерлері ұзақ күткен тарихи күн келіп жетті. Санаулы сәттерден соң футболдан Әлем чемпионатының ашылу рәсімі өтеді. 4 жылда бір рет келетін жаһандық доп додасы Мәскеудегі «Лужники» стадионында болады. Алайда, үлкен футбол мерекесі бірнеше күн бұрын басталып кетті деуге болады. Себебі, Мәскеудің орталық көшесіне шықсаңыз, метроға түссеңіз, тіпті саябаққа барсаңыз да, айналаңыз Мәскеу қаласының әлемдік футбол астанасына айналғанын есіңізге салып тұрады. Аргентина, Мексика, Иран, Перу және Еуропа елдері мен АҚШ-тан, Қазақстаннан және басқа елдерден келген футбол фанаттары түрлі командаларға жақтасып, үлкен думанның бел ортасында жүр. 

Хуан Лукос, аргентиналық жанкүйер:

- Мен Аргентинадан келдім. Мәскеу қаласы жақсы қарсы алып жатыр. Меніңше, чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қандай да бір қиындыққа кездескен жоқпыз. Ендігі бар ойымыз Аргентина құрамасы – ақтық бәсекеге шықса екен.

Олжас Орашев, қазақстандық жанкүйер:

- Өте жақсы көңіл-күйдемін. Себебі, қанша жылда бір келетін чемионат. Оның үстіне көршілес Ресейде өтіп жатыр. Бұл бізге, жастарға, футбол көруге үлкен мүмкіндік.

Хаим Мендес, эквадорлық жанкүйер:

- Мен Эквадорданмын. Біздің құрамаға Месси салған голдан соң жеңілдік те, енді чемпионатқа еліміз қатыспайды.

Әлем чемпионатының ашылу салтанаты Мәскеу уақытымен 17:30-да басталады. Бұл рәсім шамамен жарты сағатқа созылады. Алдын ала белгілі болғандай, Әлем біріншілігінің ресми әнін америкалық актер, хип-хоп орындаушысы Уилл Смит, Ники Джем, албаниялық әнші Эра Истрефи және музыкант Дипло орындайды. Салтанатты шара барысында британиялық әнші Робби Уильямс пен ресейлік опера орындаушысы Аида Гарифулина да ән айтады. Чемпионаттың ашылу рәсіміне бүкіл танымал спорт, өнер жұлдыздары, қоғам қайраткерлері және 10-ға тарта мемлекеттің басшылары да қатысады. Мәртебелі меймандардың арасында біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та болады деп жоспарланып отыр. Салтанатты шараны стадиондағы 81 мың адам тамашалап болған соң Әлемдік біріншіліктің алғашқы ойыны басталады. Алаңға Ресей мен Сауд Арабиясы шығады. Чемпионаттың ашылу рәсімі мен алғашқы матчты «Qazaqstan» мен «QAZSPORT» арналары тікелей эфирде көрсетеді. Сондықтан, біздің арналарды ауыстырмаңыздар.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу