Қазақстан құрамасы Даниядан ұтылды - 4:1 - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан құрамасы Даниядан ұтылды - 4:1

12.11.2016
Қазақстан құрамасы Даниядан ұтылды - 4:1

Футболдан Әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы Дания - Қазақстан кездесуі алаң иелерінің пайдасына 4:1 есебімен аяқталды. Ойын Копенгаген қаласындағы «Паркен» стадионында өтті.

Ойынның  15-ші минутында оң қапталдан көтерілген допты Стас Покатиловтың қақпасына дәл бағыттаған Андреас Корнелиус есепті ашты – 1:0.

Ал, матчтың  17-ші минутында қазақстандық футболшылар қарымта шабуылдардың бірін Ғафуржан Сүйімбаевтың алыстан бағыттаған дәл соққысымен аяқтап, есепті теңестірді.

Есеп теңескеннен кейін қарсылас команда ойыншылары шабуылдарын үдете түскен болатын. Солардың бірінде бұрыштамадан көтерілген допқа таласқан қазақстандық футболшы Елдос Ахметов айып алаңында ережені бұзғаны үшін біздің құраманың қақпасына пенальти белгілейді. Ал, 11-метрлік айып соққысын  «То́ттенхэм» мен Дания құрамасының жартылай қорғаушысы Кристиан Эриксен дәл орындап, өз командасын алға шығарды.

Екінші таймда даниялықтар допқа көп уақыт иелік етті. Ал, Қазақстан құрамасы қарымта шабуылдаумен болды.  Ойынның 78-ші минутында сол қаптал арқылы шабуылдаған қарсылас команда ойыншыларының бірі Анкерсен бұл бір сәтті нәтижелі соққымен аяқтап есепті 3:1-ге жеткізді.

Ойынның соңында алаңның ортасынан бастап доптан айырылмай келген  Кристиан Эриксен өзінің дәл соққысымен дубль авторы атанды – 4:1.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі кездесуді тікелей эфирде көрсеткен «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналары. 

Хабарламаларға жазылу