Ұлттық арна ұжымы Астана күніндегі халықтың салтанатын, көңіл-күйін көрерменге барынша көрсетуге тырысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна ұжымы Астана күніндегі халықтың салтанатын, көңіл-күйін көрерменге барынша көрсетуге тырысты

06.07.2018

Бүгін Ұлттық арна ұжымы Астана күніндегі халықтың салтанатын, көңіл-күйін тұтас елдегі көрерменге барынша көрсетуге тырысты. Журналистер елорданың 4 нүктесінен тікелей байланыста 4 рет арнайы шығарылым өткізді. Жүргізушілер мен тілшілер қала тұрғындары мен қонақтарын тікелей эфирге шығарып, тілдесті. Ой-пікірлерін біліп, лебіздерін теріп, тіпті, танымдық ойындар өткізді.

Алғаш болып тікелей эфирге «ҚазТрансОйл» АҚ ұйымдастырған  этноауылдан Қымбат Досжан мен Жансерік Бейсеев қосылды. Елдің сүйіктісіне айналған жүргізушілер әп дегеннен-ақ халықты баурап алып, көрерменмен көзбе-көз, емен-жарқын әңгіме өрбітті. Астана күні мен қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай викториналық сұрақтар қойылды. Жиылған қауым да сауалдарға таласа жауап беріп, тікелей эфирге белсене қатысты. Тілегін жаудырып, ән айтып, мерекелік көңіл-күйдің керемет көтеріңкі екенін сездірді.

Дана Нұржігіт пен Мейіржан Әлібек те қаланың ортасынан тікелей эфирдің толқынынан табылды.  Тұрғындармен Астананың тарихы туралы және ерекшеліктері жайлы әңгіме өрбітті. Қызығы, жиналғандардың дені басқа облыстардан мерейтойға арнайы келген екен.

Данияр Меңлібеков пен Ирина Тен де қаланың көшелерімен тікелей байланыста жүріп өтті. Олар да тойшыл қауымның көңіл-күйін білмекке, тілектерін термекке шыққан. Сұрақтарын қойып, тұрғындардың түрлі жауаптарын алды. Дұрыс әрі ең бірінші жауап бергендерге Ұлттық арнаның арнайы сыйлығы берілді.

Міне, осылайша Ұлттық арна ұжымы Астана күнінің аталып өтуіне барынша өз үлестерін қосты. Жаңалықтардың тілшілері мен бағдарламалардың ұжымдары және кадрдан тыс жүздеген қызметкер ортақ істі абыроймен атқаруға тырысты. Бастысы, біздің еңбек сіздің кәдеге жараса игі.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу