Астана күнін барша Қазақ елі тойлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана күнін барша Қазақ елі тойлады

06.07.2018

Астананың 20 жылдық мерейтойын еліміздің барлық өңірлері кең көлемде атап өтуде. Түрлі концерттер, жаңа нысандардың ашылуы, шерулер барлығы да қазақ даласының жүрегі Астана қаласының мерейтойына арналған.

Елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойына  орай Қарағандыда «Шеберлер қалашығы» деген атпен  фестиваль өтті. Шараға аула клубтары, суретшілер, фотосуретшілер және түрлі шикізаттардан бұйымдар жасайтын нағыз хас шеберлер қатысуда. Олар өздерінің жасаған қолөнер туындыларын көрмеге қоюмен ғана шектелмеген. Жұртшылық арасынан үйренуге ынта білдіргендерге шеберлік сабақтарын да өткізді.

Дарын Қалиахметов, қала тұрғыны:

- Менің атым Дарын. Дарынды болғым келіп осы өнерге келдім. Қазақ елін Астананың 20 жылдығымен құттықтаймын.

Көкшетауда да бүгін үлкен той. Бас қаланың мерейтойына арналған іс-шаралар шілденің алғашқы күндерінен-ақ ұйымдастырылды. Ал, бүгін «Астана - ұлы дала елордасы» атты салтанатты жиын өтті. Сондай-ақ, Астананың дамуы жайлы театрландырылған қойылым көрсетілді. Атаулы мерекеге орай мерекелік төсбелгілер де табысталды.

Бүкіл қазақ даласы, алаш баласы тойлап жатқан Астана тойын Таразда Ассамблея өкілдері де атап өтті.  Жамбыл жерінде, көне Тараз төрінде өзге ұлт өкілдері орталық саябаққа жиылып, керемет мерекелік шара өткізді.

Узенова Люля, Балқар этномәдени бірлестігінің өкілі:  

- Барша қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтаймын. Еліміз өркендей берсін. Қазақстанымызда ешқашан келіспеушілік болмасын. Барлығына бейбітшілік, ашық аспан тілеймін.

Бас қаланың тойынан барлығына базарлық бар. Астананың мерейтойына арнап пісірілген 20 келілік тәтті бәліш саябаққа келген қонақтарға тегін таратылды.

Қызылорда облысында бүгінгі мерекеде ерекше қуаныш. Жалағаш ауданының Мәдениет ауылында балабақша пайдалануға берілді. Жаңа тәрбие орнының ашылуы көпшілікті қуантты. Бұл жерде 90 бүлдіршін саналы тәрбие алып, ой-өрісі дамыған азамат болып қалыптасуына  мүмкіндік бар. Заманауи үлгідегі ғимарат барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Астана күніне арналған мерекелік іс-шара аудан орталықтарында да өтіп жатыр. Концерттік бағдарламалар кешке дейін жалғасып соңы отшашуға ұласады.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу