Бүгін Астананың 20 жылдығына және Қазақстан Президентінің туған күніне орай шет мемлекеттердің басшылары арнайы құттықтау жолдады. Жеделхатта Ресей, Беларусь, Түрікменстан, Польша, Армения, Грузия және Испания елдерінің жетекшілері Нұрсұлтан Назарбаев пен барша қазақстандықтарға ақжарма тілектерін жеткізіп, қуанышқа ортақтасты.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
- Сіз өз еңбегіңіздің арқасында Қазақстан халқының құрметіне бөленіп, халықаралық деңгейде жоғары беделге ие болдыңыз. Сіздің еуразиялық интеграция жөніндегі идеяларыңыз елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, Еуразия құрлығындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізіп, дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді. Шын жүректен Сізге зор денсаулық, бақ-береке, амандық және жаңа жетістіктер тілеймін.
Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының президенті:
- Сіздің жасампаз және жан-жақты қызметіңіз Қазақстанды қуатты әрі тәуелсіз елге айналдырды, ал сындарлы әрі көреген сыртқы саясатыңыз халықаралық аренада кең қолдауға ие болды. Екі жақты әріптестікті нығайту біздің достас халықтарымыздың мүддесіне және ортақ еуразиялық үйімізді дамытуға одан әрі қызмет ете береді деп сенемін.
Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан президенті:
- Сіздің дана басшылығыңыздың арқасында бауырлас Қазақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық даму жолында зор жетістіктерге жетіп, халықаралық аренадағы беделін дәйекті түрде нығайтып келеді. Екі жақты қатынастарымыздың жоғары деңгейі Түрікменстан-Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестікті және мемлекетаралық байланыстарды барлық бағыттар бойынша одан әрі кеңейту үшін берік негіз болатынына сенімдімін.
Армен Саркисян, Армения Республикасының президенті:
- Сіз мемлекетті басқару ісіндегі мол тәжірибеңіздің, Қазақстан Республикасының мүддесін табандылықпен қорғай білетіндігіңіздің және кең көлемді халықаралық ынтымақтастықты ілгерілету міндеттерін шеше алатындығыңыздың арқасында халықаралық аренада зор құрмет пен барша жұрт мойындаған беделге ие болдыңыз. Сізге зор денсаулық, амандық пен толайым табыс, ал, Қазақстан халқына бейбіт өмір мен бақ-береке тілеймін.
VI Фелипе, Испания королі:
- «Астана «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу рәсіміне қатысу үшін Сіздің еліңізге сапармен барғанда қонақжайлық танытып, мені ыстық ықыласпен қарсы алғаныңыз есімде. Осы тамаша мүмкіндіктің арқасында мен елордаңыздың заманауи инфрақұрылымы бар әрі жарқын болашаққа ұмтылған ірі қалаға айналғанын көрдім.
Анджей Дуда, Польша Республикасының президенті:
- Қазақстан Польшаның Орталық Азия өңіріндегі маңызды әріптестерінің бірі саналады. Жаһандық проблемаларды шешу ісіне белсенді атсалысқаныңыз үшін Сізге зор құрметпен қараймын. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету кезіндегі бастамалары, соның ішінде өзім қатысқан жоғары деңгейдегі жарыссөздер – соның айқын дәлелі. Сіз қолға алып жатқан игі істер өңірде және әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін.
Гиоргий Маргвелашвили, Грузия президенті:
- Бұл күндері 20 жылдығын атап өтіп жатқан Астана заманауи Қазақстан дамуының символы екені сөзсіз. Сіздің Грузия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаныңызды ерекше атап өткім келеді. Екі ел арасындағы достық пен өзара тиімді қарым-қатынастар дәстүрі алдағы уақытта да нығая береді деп сенемін.
Нысаналы ЫҒЫЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.