Биыл Астана аумағында 6 млн-нан астам гүл егіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Астана аумағында 6 млн-нан астам гүл егіледі

26.06.2018

Елорданың 20 жылдығына орай жаңа саябақтар мен гүлзарлар ашылады. Жасыл желекті мүсіндер де жылдағыдай көз қуантып, көшелерге сән бермек. Гүлге оранған Астана жайлы тілшіміз Ардақ Мұратқызы әңгімелейді.

Көздің жауын алатын жайқалған гүл түптері мынадай жылыжайларда жетіледі. Гүлді де сәбидей мәпелеп өсіреді. Ақпаннан бастап тұқымы топыраққа егіледі. Арнайы температурада бапталады. Сыртқа шығармас бұрын 10 күндей қоршаған ортаға бейімделеді.

Бақтияр Шаймұхамбетов, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ бас агрономы:

- Гүлдердің тұқымынан біздің гүлзарларға түскенге дейін уақыт 45 күннен 90 күнге дейін созылады. Әрине, ол гүлдердің түріне байланысты. Кейбірі 45 күнде, кейбірі 60 күнде, кейбірі 90 күнде көтеріледі.

Көктемнің кеш келуіне орай биыл гүл егу науқаны әдеттегіден жай басталды. Елорданың мерейлі жылында 130 мың шаршы метр аумаққа 6 млн-нан астам гүл егілмек. Биылғы ерекшелік - көпжылдық гүлдердің ауқымы кеңейтілген.

Астана аумағын безендіруге көбінесе бархат, шырайгүл гүлдері көп қолданылады. Бояуы қанық бұл өскіндер ою-өрнекті анық етіп бедерлеуге қолайлы. Жалпы, қала көшелерінде біржылдық гүлдің 20-дан астам түрі егіледі. Олардың 50-ден астам түсі кездеседі. Текеметтей түрленген мұндай алқаптар Астананың ажарын ашып, көркіне сән қосып тұр.

Биыл 30-ға жуық жасыл мүсін қала көшелерінің шырайын келтірмек. Керік, түйе, піл, қолтырауын, қобыз, домбыра секілді сәулет пішіндері түрлі ғимараттың сипатын ашады. Бұл мүсіндерге арналған гүл де бір жыл бойы бапталып, дайындалады. Әр пішіннің 1 шаршы метріне 2 мың дана гүл кетеді. Жасыл өскін жазда қурап не бүлініп қалса, жаңасы егіледі. Гүл таңдауда Астананың ауа райы да ескеріледі.

Гүлихан Әбдікерім, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ жұмысшысы:

- Гүл егіп жатырмыз. Біржылдық гүлдер. Суыққа төзімді. Салқын күндері де шыға береді. Күнде суарып тұрамыз.

Гүлмен қоса, биыл қалада 20 мыңға жуық ағаш отырғызылады. Саябақ, көше мен жол жиегі аққайың, қарағай, терек, емен, жұпаргүл секілді жасыл желекпен көмкеріледі. Сөйтіп, жасыл қала, гүл-қала - арайлы Астана қала қонақтары мен тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлауға сайлы болмақ.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу