Астанада «Ақылды аудан» жобасы жүзеге аса бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Ақылды аудан» жобасы жүзеге аса бастады

25.06.2018

Астана Орталық Азиядағы ең инновациялық дамыған қала. Елордада қарапайым адамдардың жайлы өмір сүруі үшін соңғы технологияларды күнделікті тұрмысқа енгізу жұмыстары кеңінен жүзеге асып келеді. «Ақылды қала» жобасының басты мақсаты да сол тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, қаладағы қауіпсіздік деңгейін арттыру. Осы орайда биылдан бастап Астанада «Ақылды аудан» жобасы жүзеге аса бастады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

- Елорданың оң жағалауындағы «Жастар» шағын ауданы. Бұл аумақ Астанада бірінші болып «Ақылды аудан» атанбақ. Қаланың бұл аумағында ескі және жаңа үйлер бар. Сол себепті, дамуына жаңаша серпін беру үшін арнайы таңдап алынған. Мұнда 30-дан аса түрлі инновациялық жаңашылдықтар енгізіледі. Алғашқы технологиялардың бірі  - «ақылды домофон».

Электронды құлыптың ерекшелігі, оған орнатылған камера арқылы тәулік бойы кіреберіс маңын қадағалауға болады. Бұдан басқа, тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, шұғыл көмек шақыруға және ақпарат таратуға мүмкіндігі бар. Мұның барлығы мобильді қосымша арқылы телефонмен басқарылады.

Дина Шаркеева, қала тұрғыны:

- Бізге ұнап жатыр.  Өте ыңғайлы. Қашықтықтан аша беруге болады.  Міндетті түрде қасына келудің де қажеті жоқ. Қолданып жүргенімізге екі күн болды. Әзірге барлық мүмкіндіктерін игеріп үлгерген жоқпыз. Бастысы, аула көрініп тұрады. Баламыздың ойнап жүргенін бақылап тұрамыз.

Бұл жоба ішінде қоқыс алаңын да жаңаша жабдықтау қарастырылған.  Мәселен, қазіргі таңда ауладағы қоқыс жәшіктері жер астына орнатыла бастады. Бұл біріншіден, орын аз алады. Екіншіден, қалдықтар шашылмайды, иіс шықпайды. Бәрі де тұрғындардың жайлылығы үшін.

Ал, қауіпсіздік үшін бүкіл қала бойынша «сергек» камералары жұмыс істеп тұр. Қазірдің өзінде 3 мыңнан аса бейнебақылау қосулы. Жыл соңына дейін тағы 10 мың камера қосылады. Осылайша, шаһардың барлық аумағы «сергектің» қырағы назарында болады. Интеллектуалды жүйе адамның бет-келбетін де тани алады. Қазірдің өзінде бұл жүйенің арқасында 1500-нан аса заңбұзушылықтар анықталып, көлік апаты 18 пайызға азайған.

Абу-Али  Әлібек,  «Astana Innovation» акционерлік қоғамының баспасөз хатшысы:

- «Smart City» жобасының аясында енгізіліп жатқан жобалардың барлығы 3 сұраққа жауап беруі керек. Біріншіден, қауіпсіз бе, қауіпсіздікті қамтамасыз ете ме?  Екіншіден, тұрғындарға жайлы бола ма, әлде жайлы емес пе?  Үшіншіден, бұл технология осы қалаға керек пе,  осы қалада бұл өзін-өзі ақтай ала ма, деген сұрақтарға жауап берген кезде, технологияны жүзеге асыра аламыз.

Бүгінде өмірімізді интернетсіз елестетудің өзі қиын. Жаһандану заманында кез келген жерде жоғары жылдамдықтағы мобильді интернет нақты қажеттілікке айналды. Осы орайда қазіргі уақыттың өзінде Астананың 26 қоғамдық орнында желіге қолжетімділік тегін қамтамасыз етілген.

Ақылды қалада жарық шамдары да ақылды болуы керек. Жақын уақытта елордада 25 мыңнан аса көше шамдары ауыстырылады деп жоспарланған. Ал, пилоттық жоба сол жағалаудағы Әлихан Бөкейханов көшесінде сынақтан өтуде. Жаңа жарықтар энергияны артық жұмсамайды. 

Қажет кезде ғана қосылады. Мамандар «осылайша, электр энергиясын екі есеге дейін үнемдеуге болады», - дейді. Бұл экономикалық әрі экологиялық тұрғыда тиімді болмақ.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу