Жарқын бейнелер -  жадымызда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жарқын бейнелер -  жадымызда

16.03.2018

Қазақ телевизиясының қалыптасуына және одан әрі дамуына атсалысқан талантты мамандар көп. Арамызда жүргендерімен сұхбаттасып, еңбектерін елге айтып, оларды күн сайын эфирден көрсетуге тырысып жүрміз. Бірақ, өкінішке қарай, өмірден өткен телеарна қайраткерлері мен жас таланттар да аз емес. Келмеске кеткен әріптестер туралы келесі материалда баяндалады.

Рафаэль Жұмабаев журналистика саласындағы еңбек жолын Қазақ радиосында тілші болып бастаған. Содан Қазақ телевизиясының басшысына дейін өсті. Ол жетекшілік еткен 70-80 жылдар Қазақ телевизиясы үшін «Алтын дәуір» деп саналады. Себебі, дәл осы жылдары «Тамаша», «Айтыс», «Тайбурыл» секілді көптің жүрегінен орын тапқан қазақша бағдарламалар өмірге келді. Рафаэль Жұмабаев телевизия саласының майталманы бола тұра, көбінесе кадр сыртында жүріп еңбек етті. Ол 2010 жылы 70-ке қараған шағында өмірден өтті.

Бақтыбай Шаханов талантты таспагер. Ол 1993 жылы Мемлекет басшысының жеке телеоператоры болды. Жиырма жылдан артық уақыт Президент Нұрсұлтан Назарбевтың сапарлары мен салмақты кездесулерін таспаға түсірген. Қалтқысыз қызметтің нәтижесінде «Ерен еңбегі үшін» медалін төске тақты. Өкінішке қарай, Бақтыбай Шаханов 63 шағында дүние салды.

Өмірсерік Жұман. Білікті журналист Қазақ телевизиясына бар ғұмырын арнаған. Ол 1993-1995 жылдары Мемлекет басшысының талай шет елдердегі ресми іс-сапарларына қатысып, «Жаңалықтар» қызметі үшін арнайы репортаждар дайындаған. «Нұрсұлтан», «Арманшыл жастық шағым-Украина!», «Теміртау-жасампаз жылдар, жас дәурен!» атты бейнефильмдердің авторы. Өмірсерік Жұман «Шарайна» ақпаратты бағдарламалар редакциясының бас редакторы, «Орда» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі, Қазақ радиосы «Шалқар» ұлттық арнасының әдеби сазды бағдарламалар редакциясының редакторы, шолушысы қызметін атқарған. Ал, 2014 жылы Өмірсерік ағамыз өмірден өтті.

Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңба, өшпес із қалдырған тележурналистің бірі - Бейбіт Құсанбек. Бейбіт Құсанбектің аймақтық, облыстық, республикалық телеарналарда бұдан басқа да көптеген авторлық бағдарламасы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 45 жылдық ғұмырында талай таңғажайып телетуындыны өмірге әкелген алғыр журналист әдебиет пен мәдениет, ғылым, білім саласында жетістікке жеткен танымал тұлғалардан сұхбат алды.

Қынабай Аралбаев Еңбек жолын Жетісай қаласындағы «Жетісай» газетінде тілшіліктен бастаған. Ол «Көкжиек», «Талантыңмен таныл», «Көкпар», «Батыр мықты ма, бастық мықты ма?» «Бетпе-бет» сияқты хабарлары арқылы көрермендерге кеңінен танымал болды. Сондай-ақ, республика деңгейіндегі футбол, бокс репортаждарын қазақ тілінде жүргізді.

«Сайыстағы саңлақтарға саф алтын» тілейтін талантты тілші Асылхан Шәкірұлын теларнамыздың ұжымы әлі күнге дейін күрсіне һәм тебірене еске алады. Себебі, ол Ұлттық арнада 5 жылға жуық спорт жаңалықтарын тізгіндеді. Бірақ, өкінішке қарай, 2016 жылы жас талант дүние салды.

Ол жұлдыздай жарқ етіп, жоқ болды! «Қайырлы таң, Қазақ елі!» - деп қалың елді күлімдеп оятқан тілші, жүргізуші әрі әнші ретінде танылған Руслан Бөлебайдың мәңгі ұйқыға кеткеніне 9 жылдың жүзі болды.

Қорыта айтқанда, таспалы тарихта талай таланттардың есімі мен еңбегі сақталған. Ал, олардың жарқын бейнесі жадымыздан мәңгілікке өшпейді.

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу