Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев телевизияның 60 жылдық мерейтойымен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев телевизияның 60 жылдық мерейтойымен құттықтады

16.03.2018

60 жыл аралығында телевизияның дамуына өлшеусіз үлес қосып, керегесін кеңейткен жандардың еңбегі орасан. Бүгін елорда төрінде телевизия мерейтойына орай сала ардагерлерінің құрметіне салтанатты іс-шара өтті.

Құрметті қонақтарды «Сарыарқа» академиялық филармониясы әуезді әуенімен қарсы алды. Ал, салтанатты іс-шараның негізгі бөлімі алдында 60 жылдың жылнамасы «Елдидар» кітабының тұсауы кесілді.

Еліміздің әр өңірінен арнайы осы мерейтойға келген медиа саласының ардагерлері бір-бірімен көрісіп, естеліктерімен бөлісті. Ең бірінші сала майталмандарын 60 жылдық белеспен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев құттықтап, сөз сөйледі.

Дәл осыдан кейін телевизия ардагерлеріне арнайы мерейтойлық медальдар табысталды.

60 жыл ішінде Қазақ телевизиясы көп асуды бағындырып, небір мықты телеарналардың құрылуына негіз болды. Бүгін осынау тарихтан сыр шертіліп, қазіргі жеткен жетістіктер сараланды.

Елу  жылда – ел жаңа, алпыс жылда – арна да жаңарды, жасампаздық жолына түсті. Бұрын  дикторлар Алматыдан сөйлеп тұрмыз десе, бүгінде елорда төрінен ақпарат таратылып жатыр. Телевизия мерейтойының жаңа жылдың бастауы Наурыз мерекесінің қарсаңында болуы да тамаша үндестік секілді.

Қазақ телевизиясы – қоғамдық сана мен ел руханиятының қарашаңырағына айналды. Сол қарашаңырақтың шаңырағын көтеріп, уығын қадап, керегесін құрған жанкешті аға буын өкілдері қандай да болсын құрметке лайық.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу